Дереккөз: www.24.kz
Толағай теңізі тұрмақ, үлкен көлі жоқ ауа райы ыстық оңтүстіктің шаруалары бекіре өсіріп, одан мол пайда тауып отыр.
Бұрын мақтасымен мақтанатын диқандар осылайша балықты брендке айналдырмақ. Қазірдің өзінде бұлақта өскен бекіреден алтын түстес уылдырыққа дейін алып жатыр. Түлкібастық фермерлер қызыл балық пен форельді көбейтіп, болашақта экспорт әлеуетін арттырмақ.
Әдетте теңіздің ащы суында ғана кездесетін бекіре балығы енді таудың бұлағында да өздігінен өсіп, көбейіп жатыр. Қызыл балықтар осыдан тура 7 жыл бұрын уылдырық күйінде әкелініп, қолмен көбейтілген еді. Енді сол шабақтар уылдырық шаша бастапты. Бекіренің аналық бастары даладағы хауызда табиғи жолмен қыстап шыққан. Ашық аспан астындағы алты әуітте бұдан бөлек 30 мың форель өсіп жатыр. «Таудың өзен-көлдерінде ғана кездесетін балықтың бұл түрі де өте нәзік келеді. Сондықтан күтім керек», – дейді балықшылар.
Андрей Логиновский, балықшы:
– Балықтың екі түрі де ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан оларға барлық жағдай жасалған. Мысалы, форельге салқын су қажет болса, онда мұздатып жібереміз. Ал бекіреге жылы су қажет болса, онда су жылытылады. Жүйеде мұның барлығы қарастырылған. Қызыл балық күтіміне қарай өнім береді. Мысалы, 20 келі балықтан 2 келіге дейін уылдырық алуға болады.
Бекіре шабағының өсіп-жетілуі үшін кем дегенде екі жыл керек. Ал, уылдырықты 6 жылдан кейін барып береді екен. Өңірдегі ең ірі зауытта балық өсіру үшін қажетті қондырғылардың барлығы бар. Форель мен бекірені де өздері қолмен көбейтеді. Соның арқасында кәсіпорын қазір бекіреден қара және алтын түстес уылдырық алып жатыр. Осылайша теңізде ғана өсетін қызыл балықты жергілікті нарыққа шығаруда. Биылдан бастап сазан мен ақ амур және дөңмаңдай балығын асырамақшы.
Ерік Оспанов, компанияның бас директоры:
– Қазір 60 тонна бекіре балығы өмір сүріп жатыр. 80-90 тонна форель бар. Енді биылдан бастап 200-300 тонна карп балығының, сазан сияқты басқа да балық түрлерін шығарамыз нарыққа.
Фермерлер келушілерге қармақ беріп, балық та аулатады. Осылайша қосымша туристік жүйені де жетілдіруде. Дегенмен бұл салада шешілмей тұрған түйткілдер жетерлік. Балықтарға қажетті азық шетелден тасымалданады. Бағасы да қымбат. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін жем-шөп дайындайтын зауыт салу да жоспарланған. «Бұл өзіндік құнға әсер етеді», – дейді мамандар. Бағаның төмендеуі нарық көкжиегін де кеңейтпек.
Ерік Оспанов, компанияның бас директоры:
– Сұраныс өте көп болып жатыр. Басында көп адам түсінбеді. Басқаша қарады бұл балық қалай болар екен деп. Қазір үлгере алмай жатырмыз. Әсіресе форель балығына. Оны өсірудің өзі қымбат. Жем қымбат. Бағасы да арзан емес. Соның өзінде өте көп сатылып жатыр. Біз Алматы, Астана, Қарағандыға жіберудеміз. Енді Ресей сұраныс білдіріп жатыр.
Кәсіпорын жылыжай әдісі арқылы хауыздардың бетіне құлпынай да өсіреді. Осылайша бірнеше шаруашылықты қатар алып жүрген мамандар семинарға жиналған шаруаларға балық өсірудің қыр-сырын толық көрсетіп берді. Қажетті қондырғыларға дейін өздері шығаратын зауыт басшылығы балықпен айналысамын деушілерге қол ұшын созуға дайын екендіктерін жеткізді. Облыс аумағында өткізіліп жатқан көшпелі семинардан көкейге түйгеніміз, әр ауданның ерекшелігіне қарай кооперация құрылса, бұл ауыл шаруашылығының жүйелі дамуына сеп болмақ.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбішов, Нұрмахан Бекмұратов