Дереккөз: www.24.kz

996feab4f490601ef342f83d03ab03a0_l

Финляндия Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне ерекше дайындалып жатыр.

Өйткені бұл ел инновациялық жетістіктер бойынша әлемде үшінші тұр. Сондықтан «ақылды» технология бағытында көпшілікті таңдандыруға барын салмақ. Бұған қоса биыл Финляндияның Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толды.

Астана өтетін ЕХРО көрмесі финляндиялық өнертапқыштар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Өйткені, осы елдің 50-ден астам компаниясының «жасыл» технологиялары 400 шаршы метрлік павильонға орналасады.

Паула Лехтомяки, Финляндияның мемлекеттік хатшысы:

– Бұл шараның біз үшін маңызы зор. Өйткені, «жасыл» энергетика саласында үлкен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Енді оны бүкіл әлемге паш етіп, тәжірибемізбен бөліссек дейміз.

Расымен де, Финляндияда жасыл технология бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп. Мәселен, елдегі қоқыстың 90%-ы қайта өңделеді. Сонымен қатар, бензин орнына биоотын, ал көмір орнына биомасса қолданылады. Баламалы қуат көздерінен алынған энергия жалпы қажеттіліктің 38%-ын жабады. Жоспар бойынша бұндай көрсеткішке Еуроодақ елдері 2030 жылға қарай жетуі керек. Ал, Финляндия ол межені қазірден-ақ бағындырып тастады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Финляндия елінің суды тазалау технологиясы ерекше. Біз оны өзіміздің мемлекетте қолдануға тырысамыз. Бұған қоса, энергетика, логистика, IT технология саласындағы озық жобалармен тәжірибе алмасу көзделіп отыр.

Аталған технологияларды көретін күн алыс емес. Экспо қарсаңында Астана-Хельсинки арасында әуе рейсін ашу жоспарланып отыр. Билет құны 350 еуро тұратын болады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Наталья Воробьёва, Омирбек Изимов