Дереккөз: www.24.kz
Оңтүстік Кореяда күнделікті тұрмыста тек күн мен желдің қуатын ғана пайдаланатын елді мекен бар. Капа аралында баламалы энергия көзін өндіретін заманауи құрылғылар орнатылған.
Чечжу – Оңтүстік Кореяның ең ірі аралы және ең танымал шипажайы. Ал Чечжудо провинциясы таңғы самал елінің экологиялық таза аймағына айналды. Осы мекенде Оңтүстік Кореяда пайдаланатын электромобильдердің елу пайызы, яғни бес мың көлік көшеде жолаушылар тасып жүр.
Пак Чхоль Су, жел қуаты халықаралық орталығының директоры:
– Чечжудо желді аймақ саналады, сондықтан провинциямыздың бес ауданында жел генераторлары орнатылған. Олар энергетикалық сұраныстың жиырма пайызын қамтамасыз етеді. Екі мың отызыншы жылға дейін біз баламалы қуат көзін толығымен өтейміз.
Капа аралы Чечжуден алыс емес. Осы жобаға 12,5 млн доллардан астам қаржы жұмсалып, 250 килловатты екі жел турбинасы және 174 килловатты өндіретін 50 күн батареясы қойылған. Осы энергия аралдағы бүкіл ғимараттарды қамтамасыз етеді. Ал жел мен күн қуатын арнайы жүйе бөліп таратады.
Владислав Цой Twitter@vladislav_tsoy:
– Капа аралының аумағы бір шаршы километрге де жетпейді, бірақ Кореяның ең экологиялық таза аралы саналады. Тіпті егін егу науқаны кезінде де диқандар улы химикаттарды пайдаланбайды.
Хван Ву Хён, Корея электроэнергетикалық корпорация аймақ бөлімінің басшысы:
– Капа аралының аумағы бір шаршы километрден аз. Үш жүз тұрғыны ғана бар. Алайда туристер саны көп. Сондықтан станциялардың қуаты жетпей, біз дизель генераторын қосамыз. 2020 жылға дейін біз тек жел және күн энергиясын пайдалануға мүдделіміз.
Жергілікті тұрғындар балық шаруашылығымен айналысады, арпа өсіреді және туристік саласында жұмыс істейді. Олардың үйлерінде күн батареялары тегін орнатылған. Бұл қондырғы 77 жастағы зейнеткер Пек Ин Щиктін үйінде он жылдан бері тұр.
Пек Ин Щик, Капа аралының тұрғыны:
– Электр энергиясына ақшам көп кетпейді. Баяғыда жарыққа айына алпыс-жетпіс доллар төлейтінмін, ал қазір бес доллар ғана берем.
Капа тәжірибесі басқа оңтүстіккореялық аралда да қолданылады. Бұл елдің халықаралық міндеттемесі, Париж келісімін орындауға мүмкіндік береді. Яғни Оңтүстік Корея 2030 жылға дейін көмірқышқыл газын 37 пайызға қысқартуға мәжбүр.
Авторлары: Владислав Цой, Ли Сан Хён