Дереккөз: www.24.kz

809c0de619d282a48c8c3c2b3f6d480d_l

Қысы-жазы жайқалып тұратын бақ немесе тропикалық джунгли. Шығыс Қазақстандағы Украинка ауылында орналасқан жылыжайды дәл осылай атауға болады. Таңғажайып өсімдіктер әлемін өз көзімен көруге ықыласы ауғандар қатары күн санап артып келеді.

Хоббиді бизнеске айналдыра білу де өнер. Саналы ғұмырында инженер-техник қызметін атқарған Людмила Земляная зейнет жасына жеткенде өмірінің жаңа белесіне қадам басты. Осыдан 9 жыл бұрын жылыжай ашып, тропикалық және субтропикалық дақылдарды өсіруге ден қояды. Еңбегі нәтижесіз емес. Ойындағы өсімдіктері өсіп, таңғажайып баққа айналды. Енді түрлі өсімдіктерді көру үшін тұрғындарға шетелге барудың қажеті жоқ. Украинка ауылына келсе болғаны.

Людмила Земляная, жылыжай иесі:

– Өсімдіктер өте бейімделгіш келеді. Бастысы лайық жағдай жасау. Бәрі де классикалық үлгі бойынша жарық беру, суару және қоректендіру болды. Мысалы мен лимонды жақсы көремін. Оның күтімі де оңай. Қыста жарықты аз беру керек. Күтім болса өнім де көп алуға болады. Ал төгілген гүл мен хош иіс жанға жайлылық береді.

Жылыжайда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет. Махаббатқа бөленген жемістер өнімді мол береді. Көпшілікті тәнті еткен алып лимондар мен кішкентай банандарды тамашалаушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді екен. Мектеп оқушылары да осында.

Мәриям Тұрғанбек, оқушы:

– Мына жерге мен бірінші рет келдім. Маған мына жерде өте ұнады. Соншалықты көп ағаштар мен гүлдерді мен ешқашан көрген жоқпын.

Гүлім Сұлтан, оқушы:

– Маған қатты ұнады. Мен гүлдерді жақсы көремін. Менің есімде пальма, лилия өсімдіктері қалды.Содан кейін мен қызғалдақ көрдім.

Жалпы аумағы мың шаршы метрді құрайтын кешен төрт топтан тұрады.

Мерей Мұратханқызы, Twitter@muratkhankyzy:

– Көздің жауын алатын өсімдіктер мекені. Мұнда тропикалық өсімдіктер де және экзотикалық жемістер де бар. Әсемдік пен эстетика үйлесім тапқан жылыжайда 300-ден аса ұрпағымен әйгіленген Шыңғыс хан тұтынған мурайя өсімдігі бар. Денсаулыққа пайдалы өсімдікті жапон императорлары да қорған ретінде тұтынған деседі.

Өңір натуралистері мен флористері де жылыжайдың тұрақты меймандарына айналған. Ғылыми жұмыстар бойынша келісім жасау үшін еліміздің өзге өңірлерінен де мамандар келеді екен.

Айнаш Кітапбаева, биология кафедрасының меңгерушісі:

– Тропикалық өсімдіктер бар, лимон өсіріледі, ауылшаруашылық дақылдары да өсіріліп жатыр екен. Солардың бәрін көрдік. Енді студенттерімізді жылыжайға әкеліп, жұмыс жасап, байланыста болсақ деген жоспарымыз бар.

Жанға ләззат сыйлар хош иіс, жылы леп, таза ауа, көз тартар гүлдер мен бағалы ағаштар  жылдың төрт мезгілінде жайқалып тұрады. Бастысы, еселі еңбек жемісін беруде.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов