Дереккөз: www.24.kz

458977197c79dc6a2c1741f25c0d5b2a_l

Алматы облысында жылыжайлардың қатары көбейіп келеді. Бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарының да аумағы ұлғайтылып жатыр.

Себебі қазір бау-бақша өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Жетісу жеріндегі 80 жылыжай шаруашылығы былтыр 30 мың тоннадай өнім берді. Олар ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, шет елдерге де өз өнімдерін шығара бастады.

Ғалия Тастанова Қапшағай қаласының іргесіндегі аумағы 10 га жерді алып жатқан жылыжай кешенінде 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқыда қарапайым жұмысшы ретінде кірсе, қазір осындағы екі бірдей блокты басқарады. Жылыжайдағы 7 га жерге томат егілсе, қалған 3 гектарында қияр өседі.

Ғалия Тастанова, жылыжай кешенінің блок басшысы:

– Жұмысымыз қиындау, бірақ сол жұмысымызға сай әлеуметтік пакеттеріміздің бәрі бар. Барлығы толық төленеді. 100 пайыз. Айлығымызды екі бөліп береді. Тегін көлік те бар. Түскі ас та тегін.

Мұнда 70 адам жұмыс істейді. Олар жоспар бойынша биыл 4,5 мың тонна қызанақ, 2100 тонна қияр өндіруі тиіс. Жыл басынан бері бұл жылыжай кешенінде 4 мың тоннадай қызанақ пен қияр жиналған. Олар өз өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспортқа да шығара бастады.

Мырзабек Бекмұханов, жылыжай кешені бас директорының орынбасары:

– Біздің өніміміз экспортқа Россияға шығады. Барнаул, Новосібір, Омск, Москваға дейін бардық.

Бұл кешенінің аумағы биыл 5 гектарға ұлғайтылды. Жылыжайдың іші сұйытылған газбен және электр қуатымен жылытылады. «Қапшағайға табиғи газ келсе, 25, тіпті 30 гектарды да емін-еркін игере аламыз»,- дейді жылыжай басшылығы. Ағымдағы жылы Іле ауданында аумағы 20 гектар болатын ірі жылыжай кешені салынып, іске қосылады. Мұндай жобалар Талғар, Ұйғыр аудандарында да жүзеге асады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов