Дереккөз: www.24.kz
Жасыл желекке оранған Алматыда ағаштарды заңсыз кесу дерегі азаймай тұр.
Сондықтан табиғат жанашырлары: «Рұқсатсыз тал кескендерге айыппұл көлемін көбейту керек», – деп санайды. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орын толтыру үшін 10 тал отырғызу міндеттелмек.
Қала орталығында мынадай жағдай жиі кездеседі. Әсіресе жауын-шашын болып, дауыл тұрған сәттерде теректер теңселіп, қарағаштың бұтақтары құлап жатады. Бұл адам өміріне қауіп төндіретіндіктен, ескірген ағаштарды дер кезінде кесу керек. Алайда ол үшін тиісті мекеменің рұқсаты қажет. Көше бойындағы ағашты бұталап немесе түбірінен араласаңыз көлемді айппұл төлейсіз. Мысалы, жыл басынан бері Медеу ауданында бірнеше ағаш заңсыз оталған.
Мақсат Ескендіров, Медеу аудандық экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:
-Жаңадан қосылған териториялар бар. Сол аумақтағы адамдардың көбі біле бермейді. Осы былтырдан бері ауданда ағаш кесу азайды.
Рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі – 90 мың теңге. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орын толтыру үшін 10 тал отырғызу міндет. Бірақ мұндай талапты кейбір кәсіпкерлер елемейді де. Сондықтан қалалық қоғамдық кеңес мүшелері: «Қатаң шара қолданып, айыппұл көлемін өсіру керек», – деп есептейді.
Думан Қапасов, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:
-Ол айыппұл өте аз. Кәсіпкерлерді, заңсыз ағаш кесіп жатқандарды тоқтатпайды. Сондықтан да ол айыппұлдарды өзгерту керек. 10 есе көбейту керек деп ұсыныс бердік.
Көше бойындағы ағаштар инфрақұрылым жүйесіне кедергі келтірсе немесе өмірге қауіп төндірген жағдайда ғана кесіледі. «Бірақ бәрі заңды болу керек», – дейді мамандар. Жыл сайын қалада 32 мың ағаш араланады екен. Қоғамдық кеңес айппұл көлемін артыру туралы ұсынысын қалалық мәслихатқа жолдаған. Оның жауабы осы айдың соңында белгілі болу керек.
Авторлары: Алмас Сәдуақас, Полина Чихичина, Әбен Нарымбаев, Сержан Жұмабаев