Дереккөз: www.24.kz

52ef0aba96fd054eed7f54d2a179fa6d_l

Биыл «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына – 10 жыл. Соңғы кезде Көлсайдың көрікті табиғатымен танысуға келетіндердің қатары көбейді. Өткен жылы аймаққа 20 мың адам саяхаттап барған. ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында шетелдік қонақтарға көрсетілетін туристік орындардың қатарында Көлсай да бар. Соған байланысты қазір инфрақұрылымы дамып, жолдар жөнделіп жатыр.

Талайды тамаша табиғатымен тамсандырған Көлсай Алматыдан 90 шақырым жерде орналасқан. Тәкаппар таулары, мұзарт шыңдар, мөлдір бұлағы мен сыңғырлаған өзен сулары, жасыл желек орманын көру үшін мұхит асып келетін туристер де бар.

Станислав Мациас, польшалық саяхатшы:

– Көлсай туралы ғаламтор арқылы білдім. Сөйтіп, көп ойланбай, билет алып, ұшып келдім. Табиғатты сипаттау мүмкін емес. Керемет. Екі апталық демалысымды осында өткізсем деймін. 

Экологиялық аймаққа шетелдік саяхатшылардың көптеп келуі осы төңіректегі ауылдың әлеуметтік ахуалы мен экономикалық жағдайына оң ықпал етері сөзсіз. Өйткені жергілікті халық меймандарға өз қызметін ұсынып, қаржы табады. Яғни кәсіппен шұғылданады. Қазір мұнда жеке кәсіпкерлер көл жағалауын жалға алып, қонақүйлер мен демалыс орындарын салып жатыр. Негізгі талап құрылысқа қоршаған ортаға еш зияны тимейтін табиғи бұйымдарды ғана қолдану қажет.

Әміржан Малыбеков, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің директоры:

– Қазақстанда үлкен «Нұрлы жол» жоспарымен жолдар жасалып жатыр. Соның бірі – Көлсайға деген республикалық маңызы зор жол құрылысы. Қазіргі күні жартылай ғана бітіп қалды. Келесі жылы аяқталады деген ойдамыз.

Табиғаты тамаша мекенде жастар санасына ізгілік пен адамгершілік қағидаларын сіңіру, табиғатқа жанашыр болуды үйрету мақсатында Парктер күні аталып өтті. Жыл сайын мұнда өңірдің өнерлі жасөспірімдері жиналып, туризмді дамыту жобаларын таныстырады.

Айсұлу Сатыбалды, оқушы:

– Ауылымызды көркейту үшін біз 3-4 тілді білуіміз керек. Біз сол арқылы елмізді, Көлсай көлдерін жаңғырта аламыз. Кенжелеп келе жатқан туризмді дамыту үшін оны тың жобалармен көркейтуіміз керек.

Көлсайда бірнеше емдік-сауықтыру кешендері бар. Одан өзге еркін демаламын деушілерге жаз айларында ауылдағы әр үйде ұлттық тағам түлеріне толы берекелі дастарқан жаюлы тұрады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Асқар Серғалиев, Әбен Нарынбаев