Дереккөз: www.24.kz

8f785b6b6e6d9a2b10ed0212fe5c0a33_l

Бұл үшін Астана іргесіндегі қанаттыларды баптайтын орын кеңейтілмек. Құс көбейтетін фазанарий құрылғалы бергі 7 жылда құсбегілер 7 мыңнан аса қырғауыл өсірді. Бұл орталықта құстар көбейтіліп қана қоймай, биологиялық зерттеулер де жасалады.

Жуық арада қырғауылдар түлейді. Құсбегі Сейдулла Абильдин өзі еңбек еткен 4 жыл ішінде қанатты құстардың дағдыларын әбден зерттеген. Құстар оны кез келген киімінде таниды. Ол құстарды күніне бірнеше рет жемдейді және жұмыртқаларын жинайды.

Сейдулла  Абильдин, құсбегі:

– Жұмыртқа табатын құстарға сүзбе, балық майы, күнбағыс майы, сүйек ұны, сәбіз, қырыққабат, қызылша қосылған арнайы жем береміз.

Бұл құс фермасы Елорда маңындағы жасыл аймақта осыдан 7 жыл бұрын құрылған болатын. Сол кезде мұнда 60 қырғауыл әкелінген болса, бүгінде құстың саны 8 мыңға жеткен. 7 мыңнан аса құсты еркіндікке жіберген. Қазір осы маңнан 100 шақырым жерден бақтан өсіп шыққан қырғауылдарды көруге болады.

Ардақ Хасенов, фазанарийдің бас агрономы:

– Қырғауылдарды көбейтудегі басты мақсат – Астана маңындағы жасыл аймақта тірі табиғат пен өлі табиғат ортасындағы тепе-теңдікті сақтап тұру. Сонымен қатар құстарды көбейту арқылы орманды құртатын зиянкестермен биологиялық күрес жүреді. Айта кету керек, осы күнде жасыл желек аймақты химиялық өңдеу көлемі 350 гектарға дейін азайды.