Дереккөз: www.24.kz

61335004e3945b4e907d96484309799d_l

Астананың сол жақ жағалауында аумағы 100 гектар дендрарий пайда болады, – деп хабарлады Астана әкімдігінің медиа-орталық тілшісіне «Астана Зеленстрой» АҚ өндірістік мәселелер жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова.

Қабанбай батыр даңғылында орналасатын ботаникалық бақтың құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Қазіргі таңда көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Бұл жерде жабық оранжерея, жасанды су тоғаны, жүгіру мен велосипедке арналған жолдар болады. Оранжереяда экзотикалық өсімдіктер және пальманың 55-ке жуық түрі өсіріледі, – деді Б.Бектемісова.

Бұдан бөлек Астананың климаттық жағдайына сай ағаштар мен бұталардың жаңа түрлерін өсіру мен баптауға байланысты түрлі тәжірибелер өткізіліп, оқу-ағартушылық және экологиялық шаралар арқылы ботаникалық бақ ғылыми зертханаға айналмақ.

– Жыл соңына дейін ботаникалық баққа 35 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстанда ешқашан өсірілмеген Еуропадан 600 түп ағаш түрі әкелінеді, – дейді Бектемісова.

Ботаникалық баққа Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары жыл бойы келіп, тамашалай алады.

Ақпарат көзі: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі