Дереккөз: www.24.kz

d61e8e73b24661cf27c99d24f4368dd2_l

Шығыс Қазақстан өңірінде 320 шаруа қожалығы бірігіп, 13 пилоттық кооператив құрған. Сөйтіп 61 шаруа мемлекеттен несие алып, іске кірісті.

Әсіресе Жарма ауданында бірқатар сүт қабылдау пункттерінің жұмыс істей бастауы арқасында тұрғындар да өнімдерін өткізіп, табыс таба бастаған.

Малды жесең азық, кисең киім. Бұл төрт түлігі сай Қаратөбе ауылы тұрғындарының пікірі. Ата кәсіпті өркендетуге ден қойған олардың әрқайсысы бірнеше сиырдан ұстап отыр. Мұғалім Арайлым Түсіпжанова да ауылда ашылған сүт қабылдау пункттеріне күніне 10 литр сүт өткізіп, отбасы қазынасын толтырады.

Арайлым Түсіпжанова, ауыл тұрғыны:

-Ауыл шаруашылығына байланысты малмен  айналысқандықтан, осындай сүт пункттері ашылғанына қуаныштымыз. Отбасымыздың кірісіне пайдасы бар деп ойлаймын. 

Ауданда құрылған «Жарма-сүт» кооперативі де ауылдың берекесін арттыруға сеп. Ұжымның 23 мүшесі бар. Күніне 2,5 тонна сүт жинайтын кооператив тынысы кеңеюде. Жерлестерін жұмыспен қамтып, сапалы өніммен қуантуға ниетті.

Амангелді Ысқақов, кооператив төрағасы:

-Өмірдің ағысы сол кооператив болған дұрыс қой. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей. Жаңғыз адам не істей алады. Кооператив мүшелері бірге жұмыс атқарсақ, мақсаттар мен жетістіктерге жетеміз деп сенімдімін.

Шағын қожалықтардың бірігуі жергілікті сүт өңдеу зауытының жұмысына да оң әсер еткен. Мекеме күніне 20 тонна сүт қабылдайды. Бұл жеткілікті емес. Мұнда бүгінде 40 түрлі өнім өндіріледі. Өнім көлемін арттыру үшін кооперативтер қатарын еселеу маңызды.

Виктор Кропп, сүт өңдеу зауытының бас инженері:

-Біріккен қожалықтардың жетістігіне қарап, үлгі алғандар баршылық. Адамдар бірігудің болашағына көз жеткізген. Жергілікті тұрғындар үшін де сүтті сарп етпей, бізге өткізгені тиімді ғой. Міне, олар да ақша таба бастады.

Өңірде жыл соңына дейін 33 кооператив құрылмақ. Оларды мемлекет қаржыландыруға дайын. Бұл үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 5 млрд теңге қарастырған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов