Дереккөз: www.24.kz

652e8f603956d38b110d23bd06f83391_l

Ғарыш әлемінің тарихы мен болашағы. Аспан кескіндері мен ғарыштағы станция жұмысы. Мұның бәрін ЭКСПО қалашығындағы «Нұр Әлем» павильонынан көруге болады. Ғимараттың 7-қабаты «Ғарыш энергиясы» тақырыбына арналыпты.

7-қабатқа көтерілген бойда ғарыш әлеміне еніп кеткендей боласыз. Мұндағы экспозициялардың барлығы зеңгір көктің ар жағын тылсым дүние туралы сыр шертеді. Мәселен планетарийда ғаламның эволюциясы бейнеленген.Ондағы материяның түзілуі, энергиясының шығарылуы, ғаламның кеңеюі, күн жүйесінің қалыптасуы ғажап көріністермен суреттелген. Халықаралық ғарыш станциясының жұмысы да келушілерді бей-жай қалдырмайтыны анық. Ол зертхана ретінде, сонымен қатар осы саланың технологиясын әзірлеумен айналысады.

Григорий Мун, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі:

– Бұл жерде барлығы жақсы ойластырылған. Тіпті әрбір тетігіне дейін. Мен өз басым тура космоста жүргендей болдым. Әрине мен бұл саладан хабарым болғандықтан бәрін мұқият қарап жүрмін. Ғарыш саласын зерттеушілердің тың жобалары баршылық. Ғарыш энергиясының мүмкіндіктері орасан зор екндігін атап өткім келеді.

Ғарышты зерттеу орталығы да тың жаңалықтарға толы.

Айналма дәлізбен жүріп өтіп, айдан бір шығуға болады. Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– «Нұр Әлем» павильонында аспан кеңістігіне қатысты 4 экспозиция орналасқан. Бірі «Айда серуендеу» деп аталады. Мұнда ғарышкерлердің ғылыми зерттеу жұмыстарын қалай жүргізетіндігін көруге болады. Сондай-ақ келушілер ай бетінде жүретін машинаны, ғарышкердің киімдері мен басқа да дүниелерді көре алады.

Дәурен Жүрсін, «Нұр Әлем» павильонының стендисі:

– Туристер үшін бұл эспозицияның барлығы өте қызықты. Оның тарихы, оны қалай қолдануға болатындығы жайлы білгісі келеді. Біз олардың сұраған мәліметтерін айтып беріп жатырмыз. Экспозиция танымдық мақсатта болғандықтан оны білгісі келеді.

Шындығында, ғарыш энергиясының әлеуеті орасан. ЭКСПО көрмесі ғалымдардың  іс-тәжірибе алмасып, жаңа ғылыми жаңалықтардың ашылуына мүмкіндік бермек.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Асхат Қарақойшиев