Дереккөз: www.24.kz
Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 500-ге жуықтады.
Жалпы саны 53 мыңнан астам шағын шаруа қожалығы іріленген. Істің көзін таба білген кәсіпкерлер көкөністен бастап, ет-сүт және төрт түлігін өргізумен қатар құс пен балық өсіруге де ден қоя бастапты. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында 3 млрд теңгеден астам ақша бөлінген. Қомақты қаржы кооперация мүшелеріне субсидия мен пайыздық үстемесі төмен несие ретінде үлестіріледі.
Қазығұрт ауданындағы «Қаратас» кооперативі жыл басында құрылыпты. Оған 86 шағын қожалық біріккен. Ұжымда жалпы 700 бас сиыр бар. Арасында бұзаулағандарын ауылдағы қыз-келіншектер сауады. Күніне 1 тонна 200 литр сүт өткізеді. Кооператив мүшелері мемлекеттен пайыздық көрсеткіші төмен 130 млн теңге несие алыпты. Соның арқасында төрт түліктің саны артқан.
Мақсатбай Мәуленов, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:
– Сауылатын сиыр көбеюіне байланысты тағы да ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 5 млн теңгеге сүт қабылдау бекетін алып жатырмыз. Оның 50%-ын мемлекет жеңілдетіп беріп жатыр.
Ал бордақылау алаңы «Ханшайым» кооперативіне тиесілі. Мұнда етті көп беретін қазақы ақ бас тұқымдас бұқалар өсірілуде. Істің көзін таба білген төрт жас жігіт кәсібін 85 сиырмен бастапты. Қазір жалпы 5 мыңға жуық бордақы ұстап отыр. Бірігудің арқасында ісі өрге домалаған кәсіпкер етінің алдын шетелге экспорттапты.
Сырым Ертаев, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:
– Өзбекстанға 100-ге жуық ірі қара малын тірідей жібердік. 10 тонна ет жөнелттік. Жылқы қойы тағы бар. Қазір өзбекстандық әріптестермен келісімшартқа отырдық. 300 тоннадай ет аламыз деп отыр. Тағы бір қуантарлығы, ауғанстандықтар Құрбан айтқа 3 мың бас ірі қара тапсырды.
Бала-шағасының нәпақасын төрт түліктен ажыратып отырған Бекзат Дәуенов: «бірігу қарапайым шаруа үшін тиімді», – дейді. Өйткені союға жараған малдарын бұрынғыдай базарға жетектеп әуре болмайды. Тек тапсырыс берсе болғаны. Кооперативтегілер өздері сойып өткізіп, тіпті қаржысын да қолына санап береді. Оған қоса әр сиырдың басына мемлекеттен 20 мың теңге несие алады.
Бекзат Дәуенов, шаруа:
– Бұл мал солтүстіктен әкелінді, 150-200 келіге дейін ет береді. Бұрын базарға апаратынбыз. Онда да бір-екеуі өтетін. Қазір кооператив бар. Несие алып, осыны ары қарай дамытсам деймін.
Облыста кооператив саны 500-ге жуықтаған. Оған жалпы саны 53 мыңнан астам шаруа бірігіпті. Қазіргі таңда көкөніспен қатар ет-сүт және тауық пен балық өсіруге де қызығушылық артыпты. «Бұл – өңірдегі ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге жасалған қадам», – дейді мамандар.
Нұржігіт Мырзахметов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Бүгінгі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында 456 млн теңгеге инвест субсидия қарастырылып, оған құжаттар қабылдау басталып, жұмыс жасалуда.
Облыстық ауыл шаруашылығындар: «қазіргі таңда бірігіп қана қоймай, оның өндіретін өнім түрлеріне де баса назар аударып отырмыз», – дейді. «Бұл ішкі нарықтағы бағаны тұрақты сақтап қалуға да мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Нұрмахан Бекмұратов