Дереккөз: www.24.kz
Жаз шыға Павлодар тұрғындары Баянауылға ағылады.
Бұл өңірдің көз тартар табиғаты менмұндалаған таулары кез келгенді баурап алары сөзсіз. Кезінде Асан қайғы Баян тауын көргенде «ат ерін алмайтын жер екен, бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады» деген еді. Бүгінде бұл сұлу мекенге жергілікті тұрғындардың ғана емес, алыс-жақын шетелдік туристердің де қызығушылығы жоғары. Сондықтан да өңірдегі билік өкілдері аймақтағы туризмді дамыту жолдарын кеңейтуді қолға алған.
Баянауыл ауданында биыл туристер саны жылдағыдан екі есе көп болады деп күтіліп отыр. Ауа райы қолайлы, оның үстіне Павлодар облысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің туристік бағытына енген. Сондықтан жергілікті билік Жасыбай демалыс аймағына түсетін салмақты жеңілдету үшін Торайғыр және Сабындыкөл маңайын абаттандыруға кіріскен.
Қазір Сабындыкөлдің жанынан демалыс орындарын салуға инвесторлар тартылып жатыр. Бұрын-соңды болмаған ірі жобалар қолға алынған. Аудан орталығында түрлі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Шағын аэродом шілде айында қолданысқа берілсе, көптен бері айтылып жүрген тау шаңғысы кешенін салуға арнайы орын таңдалып алынған. Қысқы туризмге де жол ашылып отыр.
Әзілхан Әбеуов, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары:
– Ірі жобалардың бірі әрі ең бастысы – Мырзашоқы тауында қысқы тау шаңғы кешенін жасамақпыз. Жаңа тау болғандықтан, ол жерде инфрақұрылым жоқ. Өз тарапымыздан бүкіл коммуникацияны жалғап, таудың үстіне арқанмен жүретін жолды жасап береміз. Ары қарай ілгері өзінің тәжірибесі бар компаниялар болса, қызығушылық білдіріп отырмыз.
Енді аз уақытта туристер Жасыбай демалыс аймағына Торайғыр ауылы арқылы өтетін болады. Екі ортадағы 10 шақырым жолға асфальт төселеді. Жергілікті билік демалушыларға қолайлы жағдай тудыру үшін осындай шешім қабылдапты. Өйткені автобуспен келетіндердің Жасыбай асуындағы бұралаң жолда жаяу жүруіне тура келеді. Қазір Торайғыр ауылында да құрылыс жұмыстары қарқын алған.
Арғын Бейсембайұлы, Торайғыр ауылының әкімі:
– Ауылымызды абаттандыруға облыстық бюджеттен 90 млн қаражат қарастырылды. Оған спорт кешенін салып жатырмыз, балалардың ойын алаңын салып жатырмыз. Көше жарығына 94 млн қаражат қарастарылды. 7 шақырым көше жарығын жасап жатырмыз. Ауылдың ішкі жолдарына асфальт төселеді.
Туристік кластерді дамыту шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейтеді. Жергілікті халық жеке кәсіп ашып, туристерге қолдан келгенше қызмет көрсетуге көшкен.
Жұмакелді Дүйсекеев, Торайғыр ауылы ақпараттық орталығының жетекшісі:
– Қазір мына Әулиебұлақ деген жерде біз ақпараттық орталық аштық. Ол орталықтың басты мақсаты – бізге келген туристерді қарсы алу.
Светлана Лопатина, турист:
– Біз экскурсияға шығу үшін орташа бағытты таңдадық. Тауларды көрсетті, көлдерді көрдік. Киіз үйге кіріп, тамақтанып шықтық. Ұлттық тағамдардың дәмі тіл үйіреді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.
Жасыбай демалыс аймағында да биыл өзгеріс көп. Жағажайлар абаттандырылып, жарықшамдар, бейнебақылау камералары орнатылды. Құмда футбол, волейбол және балалардың ойын алаңдары салынған. Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Март Игіліков, Алексей Омельницкий