Дереккөз: www.kazinform.kz

20170721114625

АСТАНА. ҚазАқпарат- Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды, онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысады.

Үкімет басшысының жұмыс сапары облыстың Баянауыл ауданынан басталды, онда туризмді дамыту, инфрақұрылымдық дамыту мәселелері, сондай-ақ, «Сакралды Қазақстан» және «Туған жер» жобалары аясындағы міндеттер қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Өңірде Бақытжан Сағынтаев облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарының жаңғыртылу үдерістерімен танысады, олардың қатарында «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС мыс кенін өндіру мен қайта өңдеу өндірісі, «R.W.S. Whelset» теміржол білігі зауыты, «Проммашкомплект» теміржол дөңгелектерін шығару цехы, «Павлодар мұнай-химия зауыты», «Қазақстан электролиз зауыты» бар.

Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Павлодар» АЭА-на барады, облыстың бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездеседі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс қарқынымен және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының инфрақұрылымдық міндеттерін іске асыру жұмыстарымен танысады.

Павлодар облысының ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 49,3%-ды, ауыл шаруашылығы – 2,2%, құрылыс – 2,5%, сауда – 7,2%, көлік және байланыс – 13,1%, басқалары – 25,7%-ды құрайды.

Облыста 16 жүйе құрушы кәсіпорын бар: «Богатырь Көмір» ЖШС, «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Майкүбен-Вест» ЖШС, «Қазхром ТҰК» АҚ бөлімшесі – Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Кастинг» ЖШС ПБ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «ERG Service» АҚ бөлімшесі – Павлодар машина жасау зауыты, «Майқайыңалтын» АҚ, «KAZ MINERALS BOZSHAKOL» ЖШС, «Павлодарэнерго» АҚ, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз СЭС-1» ЖШС, «Екібастұз СЭС-2 стансасы» АҚ. Бұл кәсіпорындар өңірдің барлық өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 81,5%-ға жуығын қамтамасыз етеді.