Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысында «Егінжай-2017» шарасы өтті.
Дәстүрлі семинар-кеңеске 100-ге жуық үздік шаруа қожалығының жетекшілері мен сала мамандары қатысты. Олар агросаладағы тың жаңалықтар мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысып, өзара тәжірибе алмасты.
Биылғы «Егінжай-2017» шарасы жылдағыдан өзгеше ұйымдастырылды. 10 ауданнан келген сала мамандары Меркі ауданындағы үздік шаруақожалықтарды аралаудан бастады. Оларға озық технология мен ғылыми жаңашылдықтарды пайдалана отырып, өнімділікті еселеп отырған шаруалардың тірлігі көрсетілді. Ұйымдастырушылар жүз айтып түсіндіргеннен бір көрсеткен нәтижелі болады дейді.
Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі:
– Жұмыстың сапасын да, жетістіктерін де көріп отырмыз. Былтыр, мысалы, 5600 гектар жерге қызылша салса, биыл 9 мың гектарға салып отыр. Сонда былтырғы егінжайға келген азаматтар сол қызылшаны көріп, «қанша пайда бар екен, қандай жұмыс болады екен» деп бір-бірінен үйреніп, биыл міне 9 мың гектарға жетті. Ғалымдар да осы жерге шақырылып отыр. Олар не пайдаланады, қандай тыңайтқыш пайдаланады – осыны көріп, бір-бірінен қарап жатыр.
Қонақтарды 4 жарым келі тартатын қант қызылшасы таңғалдырды. Жергілікті шаруа оған тамшылатып суару технологияның арқасында қол жеткізген. Қазір өңірде балтамыр алқабының 1555 гектары тамшылатып, тағы 1300-ден астамы жаңбырлатып суарылады. Соның арқасында өнімділік артқан. Былтыр жалпы облыс бойныша алынған өнім 124 мың тоннаны құраса, биыл бір ғана Меркі ауданының шаруалары 2200 гектар жерден 100 мың тонна балтамыр алуды жоспарлап отыр.
Нуриддин Бекманов, шаруа:
– Жай егістен ерекшелігі көп және тамшылатып суарудың өнімділігі өте көп деп ойлап отырмын. Қазір өсімдіктің өсуі біздікінен өте ілгері. Сондықтан енді осы технологияны біз өзімізге енгізсек деген жоспарымыз бар.
Рахым Оразалиев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-ның дәнді масақты бөлімінің меңгерушісі:
– Сұрпы жақсы болмаса, тұқым жақсы болмаса, өнім болмайды. Сұрып жақсы, тұқым жақсы. Технология бізде беріп жатырмыз. Жылда Жамбыл облысының өнімділігі 15 центнер болатын болса, қазір 22-24 центнер, соның ішінде күздік бидай 30-35-40 центнерге дейін жақындап қалды.
Семинар-кеңес барысында арнайы көрме қойылды. Онда 20-дан астам шаруақожалықтың өнімдері, асылтұқымды мал және қолданыстағы заманауи ауыл шаруашылығы техникалары көрсетілді.
Айта кету керек, облыс шаруалары ет өндіру ісіне ден қойып отыр. Қазір аймақта жалпы 20 мың ірі қараға арналған 26 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Биыл осының арқасында 500 тонна ет экспортқа шығарылмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә