Дереккөз: www.24.kz

1b7a0e8441aae01f32b42a28a29abab2_l

«Энергия, өмір, ғылым».

Әзербайжандық ғалымдар EXPO 2017 көрмесі аясында осындай тақырыпта конференция өткізеді. Астанадағы халықаралық алаң жиынға қатысушыларды жаңашылдықтармен таныстырып, әзербайжандық жобаларға инвестиция тарту мақсатында таңдалған.

Астанада EXPO 2017 көрмесі ұйымдастырушыларының қолдауымен өтетін әзербайжандық ғалымдардың конференциясы шілденің 26-сына жоспарланып отыр. Онда шетелдік меймандар жаңа баламалы энергия түрлерін таныстырып, оларды өндірудің жолдарын көрсетеді.

Нурида Гулиева, Әзербайжанның ғылым академиясы ғалымдары үйінің директоры:

– EXPO 2017 көрмесі аясында өтетін ғылыми конференцияда газгидрат саласындағы жетістіктерімізді көрсетеміз. Сондай-ақ биомоторлы отын өндіру үшін алынатын биоресурстарды қолдануға арналған көрме ұйымдастырылады. Күн энергиясын алудың жаңа жолдарымен де таныстырамыз. Жалпы EXPO-ны өткізу Қазақстан үшін үлкен жетістік. Өйткені осы көрменің арқасында елге әлемнің әр түкпірінен ғалымдар, сарапшылар мен туристер келеді. Сондай-ақ EXPO ұйымдастырушы елдің жетістіктерін бүкіл дүниежүзіне таныстырады.

«EXPO сияқты ірі көрмелерде конференцияларға деген қызығушылық та көп болады», – дейді сарапшылар. Өйткені әлем ғылымда болып жатқан жаңалықтар жайлы хабардар болғысы келеді. Ғалымдар да өз кезегінде жанданатын энергия өндірудің жаңа жолдарын іздейді.

Назим Мамедов, Ғылым академиясының академик-хатшысы:

– Кез келген материалды энергияға айналдыруға болады. Тек қолыңда тиісті технология болу керек. Біздің айналамызды энергия қоршап тұр. Ал біз оның тиімділігін, адамзат үшін ыңғайлылығын, қолжетімділігін де ескеруіміз қажет.

Әлем назары қазір баламалы энергияның болашағына арналған Астанадағы көрмеде. Осы орайда әзербайжандық ғалымдар EXPO алаңын пайдаланып, өз баяндамаларымен бөліскісі келеді.

Авторлары: Мөлдір Доспаева, Шафаг Алиева, Эльшан Шахбалаев