Дереккөз: www.24.kz

4a0a116cd0c166b61644d80777423ead_l

Жетісу өңірінде Балқаш ауданы балығымен, Жаркент жүгерісімен, Алматы апортымен мақтанса, Айдарлы мен Бозойдың атағы қауын-қарбызбен шыққан.

Биыл Айдарлыда қарбыз бұрын-соңды болмаған жеміс беріп, шаруалар әр гектардан 50 тоннаға дейін өнім теріп жатыр. Сонымен бірге жусанды дала саналатын аймақта мал саны да артып келеді. Өткен жылы жергілікті қожалық асылтұқымды қой шаруашылығын ашқан. Соның нәтижесінде сан мен сапа да жақсарып келеді.

Айдарлы ауылы Алматыдан 150 шақырым шалғайда, Қарағанды мен Алматыны жалғайтын республикалық тасжолының бойында орналасқан. Топырағы құнарлы, бірақ табиғаты қатаң аймақ. Сарыарқа мен Жетісудың түйіскен жерінде мал азықтық изен шөбі және жусанның 5 түрі өседі. Сондықтан өңірде малға өріс кең. Өткен жылы жергілікті шаруа қожалығы Қарағандыдан асылтұқымды «Сарыарқа» қойын сатып алған. Қазір қой саны 2 мың 800 басқа жетті. Мақсат біреу – ұсақ шаруа қожалықтардың басын бір кооперативке біріктіріп, малды асылдандыру.

Саламат Алданов, Айдарлы мал дәрігерлік бөлімінің меңгерушісі:

– Бұлардың еті мен жүні бірдей. Жүнінде қылшығы көп болады. Сол үшін біз 5 жыл болды, жақсы сапалы қозы, сапалы мал еті өнімін алып жатырмыз.

Жалпы Алматы облысында Айдарлы мен Бозой ауылдары ең алдымен қауын-қарбызбен танымал. Тамызда Айдарлы алқаптарында 55 градустық аптап ыстықта қарбыз ешқандай селитрасыз табиғи таза күйінде піседі. Дәмі тіл үйірер жеміс ыстық күні шөліңізді басып, асқазан мен бүйрегіңізді тазалайды. Жергілікті бағбан Бақтияр Ескелов биыл жеміс жылдағыдан мол шыққанына қуанышты.

Бақтияр Ескелов, Айдарлы ауылының тұрғыны:

– Гектарына орташа есеппен 30-40 тонна. Биыл 1,5 гектардан жақсы 60 тоннадай өнім берді.

Биыл шаруа 55 гектар жерді толық игеріп, картоп пен жүгері де еккен. Ал теңкиген теңбіл қарбыздар күн сайын допша үрленіп өсіп келеді. Жалпы мұнда қарбыздың 6, қауынның «Гүрбек», «Мырзашөл» атты 8 түрі өсіріледі.

50 гектарлық бұл алқап жылына шамамен 10 рет суарылуы тиіс. Алайда судың тапшылығынан ол биыл екі-ақ рет суарылған. Су мол болса, өнім де мол. Соған сәйкес қарбыздың көлемі де салмағы да ұлғаяды. Мысалы, былтыр шаруалар дәл осы алқаптан салмағы 40 келі болатын қарбыз алған.

Бақташы малдың, ал бағбан қауын мен қарбыздың үлкейгеніне қуанады. «Алайда судың аздығынан бау-бақша көлемін ұлғайту бекер. Әйтпесе қарбыз алқабын 200 гектарға жеткізуге болады», – дейді Бақтияр диқан. Алқапқа Күрті су каналы да алыс емес. Бірақ арықтар бітелген, тоғандар суға толмаған. Арық арналарын қалыпқа келтіру үшін қомақты қаржы керек. Ал ол – республикалық су ресурстары комитетінің құзырындағы мәселе. Дегенмен биыл өнім түсімі қуантады. Ішкі нарықтан тыс сырттан да сұраныс азайған емес. Жыл сайын Айдарлыны әйгілі әңгелегі мен қарбызы тонналып, Ресейге жөнелтіліп жатыр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев