Дереккөз: www.24.kz

b5887b375c97b5116611c2d6c6007552_l

Ақтөбелік кәсіпкерлер жылыжай бизнесінің тиімділігін түсінді. 15 жылыжайдың өнімі жергілікті сұраныстың 85 пайызын қамтамасыз етуге жетеді. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті. Наурыз айында іске қосылған ең ірі жылыжай кешені өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетін арттыруды жоспарлап отыр. Инвестициялық жоба үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асты.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Заманауи жылыжайда күніне 20-30 тонна өнім жиналады. Жалпы жылдық өнімнің жартысы облыстың ішкі сұранысын қамтамасыз етеді, қалған жартысын Ресейдің көрші облыстарына жөнелтеді.

Алып кешен толықтай автоматтандырылған. Жарықты, ылғалды, температураны арнайы қондырғылар бақылап отырады. Жартылай жабық типтегі жылыжайдың елімізде әзірге баламасы жоқ. 9 гектардан астам алаңда қызанақ пен қиярдың голландиялық сұрып өсіріледі. Инновациялық технологияның қыр-сырын сол елдің мамандары үйреткен.

Арман Жетпісбаев, жылыжай кешені директорының орынбасары:

– Бұл жылыжайда бүкіл жүйенің бәрі автоматты. Жылыжайды басқару дистанционды деп айтады, голландиялық мамандар Голландияда отырып басқара алады. Зиянкестермен биологиялық жолмен күресеміз. Аса сапалы тыңайтқыштар пайдаланылады.

Жобаны іске асыруға мемлекет қолдау көрсеткен. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен инженерлік-коммуникациялық желілері жүргізілген. Кешенді электр қуатымен қамтамасыз ететін дербес станция салынған. Ал агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салатын ірі қаржы институты 4,2 млрд теңге қаражат бөлген.

Айдар Пірашев, қаржы институтының өкілі:

– Бұл қаржы Ұлттық қордан бөлінді.Жобаның жалпы құны 5 млрд теңге болса, кәсіпкердің өз қаражаты 30 пайызды құрады. Ол ақша лизингке жабдықтар алуға жұмсалды. Бүгінгі таңда жылжайда 120 жергілікті тұрғын  жұмыс жасап жүр. Голландия мамандары шаруашылықты дамытуға көмек көрсетіп отыр.

Әзірге жылыжай жылдық қуаты 6500 тонна өнім өндіруге жетеді. Алдағы бірнеше жылда кешенді екі есеге ұлғайтып, экспорт көлемін арттыру жоспарланған. Авторлары: Ақсауле Байменшина, Болат Молдағалиев