Дереккөз: www.24.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі берген дерекке сүйенсек, еліміз бойынша 20 мың 369 тонна бидай майдаланған.
Сонымен қатар дәнді-дақылдардың 96,3%-ы жиналған. Орташа өнімділік гектарына 13,8 центнерден айналып отыр. Ал егіс орағын аяқтаған Ақмола облысында аймақ диқандары биыл 5 млн тоннадан астам астық жинады. Өнімділік гектарына 11,85 центнерден келді. Жалпы, егін орағына 9 мыңға жуық комбайн жұмылдырылған. Үкіметтен 70 мың тонна арзандатылған жанармай бөлінген.
Мамандардың айтуынша, биыл егіннің сапасы өте жақсы. Бидайдың 80%-дан астамы 3-санатқа жатады. Әрі биыл астық былтырғыдан әлдеқайда құрғақ. Сондықтан шаруалар оны жылдағыдай кептіріп әуре болмай, бірден қоймаға жинап алған. Ал биыл экспортқа 2 млн тонна бидай жөнелтіледі деген болжам бар. Енді жиналмаған 100 мың гектардай майлы дақылдар ғана қалып отыр. Аймақ шаруалары ағымдағы жылы 4 млн 300 мың гектар жерге дәнді-дақыл сепкен болатын.
Мұрат Балпан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Биылғы егіннің сапасы жылдағыдан біршама жоғары. Қазір қоймаларға жиналған 1 млн 300 мың тонна бидайдың 87%-ы 3-санатқа жатады. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 60% ғана болған еді.