Дереккөз: www.24.kz
Ақмола облысының Ерейментау ауданына алғаш рет Башқұрстаннан 100-ден астам асылтұқымды Романов қойлары әкелінді.
Бұл тұқымның біздің ұсақ малдардан ерекшелігі ол жылына екі рет төлдейді. Ал бір төлдегенде 2-3, кейде 4-ке дейін қозылайды екен. Асылтұқымды қой шаруашылығын жас кәсіпкер Мұхтар Мәметов қолға алыпты. Мақсаты – ауданда ұсақ малдарды асылдандырып, олардың басын мейлінше көбейту. Қойлардың алды төлдеп те үлгерген. Ал шаруашылықтың мал бағу әдісі – баяғы шопандар секілді жайлауға үй тігіп, қойларды қысы-жазы жайылымда өрістету. Дегенмен заманауи технологияларды да ферма тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, үй-жай мен қораға қажетті электр қуаты мұнда күннен алынады. Жалпы ауданда соңғы жылдары асылтұқымды мал шаруашылығы жақсы дамып келеді.
Мұхтар Мәметов, шаруашылық басшысы:
– Бүгінде біздің шаруашылықта 100 бас аналық қой, 5 бас қошқар бар. Біздің ең басты мақсатымыз – осы 2-3 жылда 5 мың басқа дейін көбейту. Асылтұқымды мал ұстағымыз келеді.
Абылай Иманжүсіпов, Ерейментау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
– Бізде асылтұқымды қара малды көп шаруашылықтар ауданға әкеліп жатыр. Жуырда шаруа қожалығы Қойтас ауылынан 60 бас ақбас сиыр әкелді. Келесі жылы тағы 60 бас әкелеміз деп отыр. Ал қой басы бізде былтырғы жылға қарастырғанда 80 мың болса, қазір 100 мың боп тұр.