Дереккөз: www.24.kz
Мемлекет басшысының «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» мега жобасы арқасында жоқтан бар жасалды.
Айдынды Аралдың ақ көбік атқан толқыны жабыққан жағаға қайта оралды. Теңіздің тірілуімен Қызылорда облысында балық шаруашылығы да жанданып сала берді. Қазіргі таңда өңірде 8 ірі балық зауыты жылына 11 мың тонна өнім шығарады. Су айдындарындағы балық қорын молайтуға да мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. 34 инкубациялық тоғаны бар «Қамыстыбас» тұқымбағы жылына 15 млн шабақ өсіреді. Балықтандырумен қатар мамандар теңіз, өзен-көлдердің экожүйесін жақсарту бағытындағы жұмыстармен де айналысып жүр. Соңғы жылдары өндірістік қуатын 5 есеге арттырған тұқымбақ енді пілмай және қаяз балықтарын өсіруді қолға алмақ. Бүгінде кәсіпорын Арал ауданындағы Қосжар ауылы тұрғындарын түгелдей жұмыспен қамтып отыр.
Нұрқабыл Құланов, «Қамыстыбас» мемлекеттік тұқымбақ директоры:
– Қысқы тоғандар бар. Онда қыстай аналық, аталық балықтарды сақтаймыз. Көктемгі науқан басталғанда аталық, аналық балықтардың уылдырығын аламыз. Ұрықтарын алып, шайқап, содан орта салмағы 20 граммға дейін өсіріп, су айдындарына жібереміз. 2010 жылдан бері қарай 105 млн-дай бір жаздық шабақ, 5 млн-ға жуық 2 жаздық шабақ су айдындарына жіберілді.