Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылында бал шығаратын зауыт ашылғалы бері өңірде омарташылық қарқынды дами бастады.
Осылайша ауыл тұрғындары атадан балаға мирас болған ата кәсібіне қайта оралып жатыр. Өткен жылы кәсіпорында 40 тонна бал өңделген. Қазір экологиялық табиғи таза өнімді алыс-жақын шет елдерге экспортқа шығару бағытында келіссөздер жүріп жатыр.
Лепсі ауылының тұрғыны Марат Вишняков 6-сыныптан бері омарташылықпен айналысады. Бұл істе 30 жылдық тәжірибесі бар. «Ата-бабаларымыз сүйіп айналысқан кәсіп түрі осылайша бізді де өзіне еріксіз баурап алды. Бұрын жинаған балымызды алыпсатарлар арзан бағамен алып кететін. Ауыл іргесінен бал өндіретін кәсіпорынның ашылуы жергілікті омарташылар үшін өте тиімді болды», – дейді ол.
Марат Вишняков, омарташы:
– Зауыт ашқан, сол жақсы болды. Балға жақсы баға береді. Қорықпай жұмыс істей береміз. Иә, омартаны енді кеңейтеміз.
Бір омартаның өзі маусымына 40-50 литрдей бал береді екен. Мараттың иелігінде 100 шақты омарта бар. Алынған балдың сапасы өте жоғары. Себебі Лепсіде бал арасы қонатын 200-ден астам шөптің түрі бар. Соның тең жартысына жуығы дәрілік шөп. Лепсі балының осындай қасиетін білген Ресей Императоры Романовтар әулетінің 300 жылдығына орай Лепсіден 300 пұт бал алдырған деген тарихи дерек бар. Омарташылардан қабылданатын балдың сапасы жаңадан ашылған кәсіпорынның арнайы зертханасында тексеріледі.
Фархад Абузяров, «Лепсинк өнімдері» ЖШС директоры:
– Біздің бал EXPO-да болды. Біз серіктес болып EXPO-да тұрдық. Өте жақсы сатылды. Шетелден келген кісілер біздің балды алды.
Лепсі балы қазірдің өзінде Ресей мен көршілес Қытай Халық Республикасына экспортталуда. Болашақта бірқатар Еуропа елдері мен Жапонияға және Кореяға шығарылмақшы. Кәсіпорын биылдан бастап бал өндірісімен қатар таубүлдірген тосабы мен түрлі шырындарды шығару ісін де қолға алды.
Фархад Абузяров, «Лепсинск өнімдері» ЖШС директоры:
– Таудың өнімдерін дұрыстап жасап, біздің елге шығарып берейік деп жатырмыз. Табиғи таза өнім ғой. Халыққа, халықтың үстеліне барсын деп армандап жүрміз.
Экологиялық тұрғыдан табиғи таза әрі сапалы өнім халықтың дастарқанына жетіп те үлгерді. Лепсінің өзінде ірілі-ұсақты 50 шақты омарташы бар екен. Олар жаз бойы жинаған өнімдерін осында тапсырады. Осылайша өңірде омарташылық өркендеп келеді. Ал аталған кәсіпорынның ашылуы арқылы 20 шақты тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев