Дереккөз: www.24.kz
Қызыл кітапқа енген ен даланың еркесі жезкиіктердің екі мыңнан астамы Ертіс өңірін мекендейді.
Қазіргі таңда жануарларды қорғау жұмысы күшейтілген. Нәтижесінде соңғы бірнеше жылдың ішінде Май және Баянауыл аудандарының жазығын жайлаған киіктердің қарасы едәуір көбейген.
Ал арқарлардың саны мыңға жуықтапты. Дегенмен ниеті бұзық браконьерлерден төнген қауіп сейілмей тұр.
Бұл – Баянауыл және Май аудандарының шекарасында орналасқан Қуыстам қыстағы. Облыс орталығынан 150 шақырымдық жер. Осы жерде киіктер мен мен арқарларды қорғау мақсатында арнайы бөлімше ашылды.
Мамандар күн, түн демей, айналадағы 50-60 шақырымдық жерде жүретін дала серкелерінің әр қадамын бағады.
Ақмарал Есімханова, тілші:
– Жылдың осы мезгілінде сайын даланы тұман басады. Ауа райының қолайсыздығынан киіктер адасып кетуі мүмкін. Осы сәтті тиімді пайдаланғысы келетін браконьерлер киіктерге аңшылыққа шығады екен.
Қазіргі таңда Павлодар аймағында екі жарым мыңнан астам киік пен мыңға жуық арқар бар. Десе де, браконьерлердің кереғар ісі тыйылар емес. Елімізде жыл басынан бері 46 дерек тіркелген. Мамандардың айтуынша, оларға аңдардың етінен гөрі мүйізі қымбат.
Серік Апсаликов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы:
– Көрінген адам аңшы болмайды. Аңшы болу үшін қазір «элитная охота» дейді. Оларда енді мықты-мықты қымбат внедорожник, джиптары бар. Жақсы мылтықтары бар с оптическим прицелом.
Бақылау жұмыстары қазіргі кезде, яғни киіктердің күйлеу кезеңінде күшейтіледі. Осы сәтте сезімтал жануарларға тыныштық қажет.
Манарбек Садықов, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК облыстық филиалының инспекторы:
– Қыста «ақбөкен» деп аталады бұл. Жазда «киік» дейді, «жезкиік» деп атап жатады. Соған дағдыланған жануар. Қар аз жерде жүреді. Соған қарай жақындай береді. Қар аз жаққа. Сол жақтарды біз аңдып жүреміз. Снегоходтарымыз бар қыста жүретін.
Бүгінде елімізде жезкиіктердің көші-қонын, олардың көбеюін спутниктік жүйе арқылы бақыланады. Еліміз бойынша 130-ға жуық ақбөкенге мойынжіп тағылған. Ертіс өңірінің киелі жануарларына да қарғыбау салынды. Арнайы рейд барысында екі ауданның шекарасындағы аумақ бақыланды. Жуырда өңірде киіктерді атып өлтірген үш браконьер ұсталған. Сондықтан осы аумаққа кірген әр көлік жіті тексеріледі.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий