Дереккөз: www.24.kz
Ертіс өңірінде облысында қызанақ өсіретін жылыжай кешені қолданысқа берілді. Кәсіпорынның жылына 3 мың 600 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бұл Екібастұздың индустриялды экономикалық аймағында жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. Жаңа кәсіпорынға құйылған инвестиция көлемі 3,8 миллиард теңге тұрады. Өнімнің 60 пайыздан астамын экспортқа шығаратын кешенге әріптесім Қарлығаш Қасиетова арнайы барып қайтты.
Бұған дейін раушан гүлдерімен танымал болған индустриалды өлкедегі жаңашылдық мұнымен шектелмейді. Көкөніс өсіруге арналған аумағы 12 гектар алқапта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Келешекте тағы 60 гектар жерге жылыжай салынбақ. Өңірде халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің кешенді жоспары құрылған.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
– Алдымызда келе жатқан мерекелердің құрметіне әзірленген ас мәзіріне Павлодарлықтар жергілікті жерде өсірілген қызанақтарды пайдалана алады. Аумағы 5 гектар жерді алып жатқан жылыжай кешенінде қызанақтың 6 түрі өсіріледі. Жылына 3 мың 600 тонна өнім алу жоспарланған.
Нидерланд технологиясымен өсірілетін қызанақтың күтімі бөлек. Төрт бригадаға бөлініп жұмыс істейтін жұмысшылардың атқаратын қызметтері де ерекше.
Айгүл Сұлтанова, жылыжай кешенінің қызметкері:
– Біздің істейтін жұмысымыз мысалы алты түрлі қызанақ өсіріледі. Сол әртүрлі қызанақтың өзінің гүлдерін санаймыз. Мысалы, хайкуда бес гүл болуы керек. Артық гүлдерін алып сол керекті санын қалдырамыз. Мінекей хайкуда бес-бестен қалдырамыз сосын барып гүлді алған соң помидор өсіп шығады.
Технологияға сәйкес химиялық қоспалар мен тыңайтқыштар пайдаланылмайды. Өсімдік көшеттері арнайы субстраттарға отырғызылған Экологиялық таза өнімді еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресейдің көрші облыстарына экспорттау көзделіп отыр.
Дәулет Баймағамбетов, кәсіпорынның бақылау кеңесінің төрағасы:
– Қазір Ресей тарапынан үлкен сұраныс бар. Көптеген сауда желілері тапсырыс беріп жатыр. Өнімнің шамамен 60 пайызы экспортқа бағытталған. Бірақ Павлодар облысы және де Қазақстанның өзге өңірлерін қызанақсыз қалдырмаймыз.
Қазірдің өзінде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен келісім-шарт жасалған. Заманауи жылыжайда 86 адамды тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий