Дереккөз: www.24.kz
Экологияға залал тигізетін зиянды қалдықтардың 80 пайызы тау-кен өндірісі ошақтарынан тарайды. Бұл жөнінде Алматыда өтіп жатқан Орталық Азия климаттық форумында БҰҰ даму бағдарламасының өкілдері мәлімдеді. Экологтардың айтуынша, жердің шөлейттеніп, топырақ құнарының кемуі бүгінде жаһандық түйткілге айналып отыр.
Бұл – әсіресе Орталық Азия елдері үшін өте өзекті жайт. Сондықтан ортақ мәселені бірлесе шешуде тың бастамаларды жұмыла қолға алу керек. Атап айтқанда, су ресурстары мен жер игілігін пайдалануда баршаға ортақ талап қатаң сақталуы тиіс. Конференцияда Арал теңізінің ахуалы да сөз болды. Соңғы жылдары Аралда су деңгейінің жоғарылағаны көңілге демеу. «Бірақ экологиялық апатты жағдай әлі де оңып тұрған жоқ», – дейді мамандар.
Құралай Кәрібаева, Экология және орнықты даму институтының директоры:
– Арал мәселесі – Қазақстанның мәселесі ғана емес, ол дүниежүзілік мәселе. Аралдан көшкен тұздар желі арқылы ауаның ауысуына байланысты Антарктидадан табылып жатыр. Мұның барлығын біз бірлесе отырып, халықаралық ұйымдармен шешеміз. Біз бүгінгі күні барлық ғылымның технологияларын, жетістіктерін пайдалана отырып, табиғи байлықты сақтап қалуымыз керек.