Дереккөз: www.24.kz
Қазақта «ат айналып қазығын табады» деген қанатты сөз бар. Солтүстікқазақстандық Әскербек Мұқанжановтың қарымды қадамын осы қағидаға телуге болады. Өзге жұрт даладан қалаға қашқан заманда ол туған ауылына қайта оралып, ағасымен бірге жеке шаруашылығын ашты. Еңбекқор екі ағайынды қазір өздері өсіп-өнген елді мекенге 45 млн теңге қаржы құйып, қазақтың ақ бас сиырын көбейте бастады.
Әскербек Мұқанжанов 2000 жылдары қатарластарымен қалаға көшіп кетсе де бір бүйрегі туған жеріне тартып тұрған. Бойына қазақылық мінез сіңген ауыл жігіті былтыр кіндік қаны тамған Май ауылына оралып, ағасы Медетпен бірге мал шаруашылығын ашыпты.
Әскербек Мұқанжанов, шаруа қожалығының басшысы:
– Қалада жүрген кезде ой келді. Мал шаруашылығын ашайық деп, ауылға келіп, ағамыз екеуміз мал алдық 150 бастай. Мақсат әрі қарай көбейту ақ бас малын. Екінші ферма ашайық дегенбіз.
Медет пен Әскербектің ісін ауыл ақсақалдары бірауыздан құптады. Өйткені, бұл – осы ауылдағы алғашқы мал шаруашылығы. «Енді олар өздерін ғана емес өзге азаматтарды да жұмыспен қамтиды», – дейді ел ағалары.
Төлеген Досжанов, Май ауылының тұрғыны:
– Өйткені бұл өз қаражаттарымен осы елге, ауылға келіп, өз қаражаттарын құйып, осындай жұмыс орындарын ашып жатыр. Мал алып жатыр. Қысы-жазы осы елге жұмыс. Бұл және басқа халыққа, елге бұл үлгі деп ойлаймын.
Әскербек қалада 17 жыл тұрды. «Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің», – дейді ол. Сондықтан Көкшетаудағы үлкен үйді сатып, туған ауылында осындай жұмыс бастауды ағасы екеуі бірлесе отырып шешкен.
Әскербек Мұқанжанов, шаруа қожалығының басшысы:
– Бұл менің ауылым. Бұл менің жерім. Май ауылы. Осында өндім, осында өстім. «Туған жер» бағдарламасын айтты ғой Елбасы. Сол ағам екеуміз көтерейік деп осы ауылды, соған мен осында көшіп келдім.
Бүгінде Май ауылында 100 үй түтін түтетіп отыр. Бұған дейін елдің іскер азаматтары егін егіп қана келсе, енді мал шаруашылығын шалқытпақ.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура