Қазақстандық делегация Хьюстонда өткен «IHS CERAWeek» әлемдік энергетикалық конференциясына қатысты

Дереккөз: www.energo.gov.kz

Наурыз айының басында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі
М. Досмұхамбетовтың басшылығымен қазақстандық делегация Хьюстонда (АҚШ) өткен «IHS CERAWeek» атқарушы конференциясына қатысты.

Осы жылы форум әлемнің 60 елінен 3400-ден астам қатысушыны қабылдады. Олардың ішінде энергетика саласындағы министрлер, халықаралық ұйымдар мен энергетикалық корпорациялардың басшылары бар.

Конференция барысында қазақстандық делегация жаһандық энергетикалық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді талқылауға қатысты.

Атап айтқанда, М. Досмұхамбетов мұнай-газ саласындағы әлемдік трендтерге, бірінші кезекте мұнайдың әлемдік нарығындағы баға белгілеу факторларына арналған «Энергетика министрлері диалогы» панельдік сессиясында сөз сөйледі.

Өз сөзінде ол әріптестерін және қатысушыларды Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ағымдағы жағдайы, өткізілетін реформалар және 4-ші мұнай өңдеу зауытының құрылысын қоса алғанда, саланы жаңғырту бойынша алдағы жоспарлар және кейбір мұнай-газ химиялық жобалардын іске асырылуы туралы хабардар етті.

Бұдан басқа сапар аясында құрамына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Біріккен химиялық компания» ЖШС және АҚШ-тағы ҚР Елшілігінің өкілдері кірген қазақстандық делегация жаһандық энергетикалық басшылармен, сондай-ақ өнеркәсіптік, техникалық секторлардың жетекші мүшелерімен және институционалдық инвесторлармен кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, ExxonMobil, Primus Power, Breakthrough Fuel, Valero, Phillips66, Westlake Chemical ірі америкалық және халықаралық компаниялармен кездесулер өтті. Диалог барысында Қазақстанның аталған компаниялармен ынтымақтастығының ағымдағы жайдайы және алдағы өзара әрекеттестігінің перспективалары талқыланды.

IHS CERAWeek форумы әлемдік энергетикалық саланың беделді жыл сайынғы кеңесі болып табылады және жаһандық энергетикалық күн тәртібіне үлкен әсер етеді. Ол жаһандық энергетикалық басшылар мен саяси, қаржы, өнеркәсіптік және техникалық қауымдастықтардың жетекші мүшелері, сондай-ақ институционалдық инвесторлар кездесуі ретінде әлемдегі ең ірі 5 жалпы конференциялардың қатарына кіреді. Энергетикалық бизнестің ең ірі ойыншылары жаңа идеяларды, көзқарастарды талқылайды, сондай-ақ әлемдік энергетика алдында тұрған күрделі мәселелерді шешеді.

ҚР ЭМ Баспасөз қызметі