Дереккөз: www.energo.gov.kz
2018 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасы (ҚР) Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) ресми сапары аясында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда газ-химиялық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық бойынша екі маңызды құжатқа қол қойды.
Атап айтқанда, ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ («Біріккен химия компаниясы» ЖШС), Borealis аустриялық компаниясы Атырау облысындағы полиэтилен өндіру (жылына 1,250 млн. тонна) жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі талаптары туралы Келісімге (TermSheet) қол қойды.
Қол қойылған Келісім (TermSheet) мемлекеттік қолдаудың шаралар пакетін бекітіп, жобалау сатысына көшуді негіздейді (техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу).
ТЭН әзірлеуді аяқтаудың жоспарланған мерзімі – 2018 жыл.
Екінші құжат – Атырау облысындағы полипропилен өндіру жобасы бойынша ынтымақтастыққа қатысты Өзара түсіністік туралы меморандумға да ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ («Біріккен химия компаниясы» ЖШС) және Borealis компаниясы арасында қол қойылды.
Меморандумға сәйкес Borealis полипропилен жобасына техникалық-экономикалық талдау және заң сараптамасын жүргізеді.
Бұл жобаның құны 2,6 млрд. АҚШ долларын, зауыттың қуаты жылына 500 000тонна полипропиленді құрайды.
Полипропилен өндіру бойынша жобаны қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ іске асыруда, атап айтқанда ЕРС мердігер анықталды, қарызды қаржыландыру тартылды, құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жыл.
Қазақстан Республикасында мұнай-газ-химия саласын дамыту үшін ерекше жағдайлар жасалғандығын атап өткен жөн. Атап айтқанда мемлекет жалпы зауыт инфрақұрылысын салуды қаржыландырады, жобаларды кепілді шикізатпен қамтамасыз етеді, салық және кеден бажынан босату қолданылады. Мемлекет инвестицияларды қорғауға кепілдік береді.
Полипропилен және полиэтилен ең қажетті полимерлер болып табылады. Оларға барлық әлемдік қажеттіліктің 60 пайызы тиесілі.
Мультипликативтік әсері туралы айтатын болса, мұнай-газ-химияға салынған әрбір доллар экономикаға 2-3 доллар өсім береді, және әрбір жаңа жұмыс орны онымен байланысты салаларда 7 жаңа жұмыс орнына дейін пайда болуға жағдай жасайды.
Анықтама үшін: Borealis әлемдегі Үздік-4 полиэтилен ірі өндіруші-компаниялардың құрамына кіреді. Ең жоғары технологиялы және жоғары маржиналдық компания болып табылады. Borealis компаниясының акционерлері: Mubadala (БАӘ) – 64% және OMV (Аустрия) – 36%.
ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі