ШҚО-да арнайы рейд барысында екі тонна балық тәркіленді

Дереккөз: www.24.kz

1a660e74ce6e680c750f82d4ba41886c_l

Шығыс Қазақстан облысында балық уылдырық шашатын маусымда браконьерлер көбейді.

Қазір облыста сәуірдің 16-сынан мамырдың 31-іне дейін жедел алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Табиғат қорғау саласына жауапты барлық құзырлы орган мамандары жұмылып, аймақтағы өзен-көлдер мен су айдындарына қадағалауды күшейтті.

Шығыстағы өзен-көлдерде мұз енді толық еріп болды. Сәуір мен мамыр айы жаппай балық аулау маусымы іспеттес. Дәл осы уақытта заңсыз ау құрып, қармақ салатындар да көбейеді. Сондықтан ерекше қорғауға алынған аймақтарды қорық мамандары жерден, құзырлы орган қызметкерлері әуеден бақылайды. Арнайы рейд басталған 4 тәулікте қара Ертіс пен Зайсан көлінің бойын шолып шықты. Нәтижесінде 2 тонна балық пен бірнеше шақырамға созылған тор тәркіленді.

Арман Иманов, облыстық ІІД табиғат қорғау полициясы бөлім басшысы:

– Жедел алдын алу шарасы кезінде мобильді топтар құрылды. 4 тәулік ішінде 78 заң бұзушылық тіркелді. Әкімшілік жауапкершілік бойынша 75 хаттама толтырылса, 3 қылмыстық іс қозғалды. Барлығы да заңсыз балық аулауға қатысты.

Тек Зайсан көлінің жағасынан заңсыз балық аулап жүрген 20-дан астам топ әшкере болды. Табиғатты қорғау қызметкерлерінің айтуынша, браконьерлердің көбі жылтыр жіптен жасалған Қытай торын құрады.

Бүгінде қызыл кітапқа енген Сібір бекересі мүлде құрып кеткен. Бұл балықтың түрі Ертіс өзенінің ең төменгі сағасы Ресей жерінде ғана аз қалған. Сол үшін құзырлы орган қызметкерлері арнайы рейд кезінде жан-жақы тексеру жүргізеді.

Талғат Рахымжанов, облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Заңсыз сататын орындар, қабылдайтын және аулау жерлерімен біріккен іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оның бәрі уылдырық шашу мерзімінде тосқауыл қоюға үлкен нәтиже көрсетеді.

Аймақта өзен-көл көп болғанымен, балық шаруашылығы алға баспай отыр. Себебі зауыттардың мол көлемде өңдейін десе балық қоры жоқ. Сондықтан биыл тек Зайсан көліндегі 9 аумаққа сазан, тұқы және Сібір амуры сияқты балықтардың шабағы жіберілмек. Алайда мамандарды  бұл шабақтардың көбі өсе келе браконьерлердің қармағын қабатыны алаңдатып отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Роман Родионов