Дереккөз: www.24.kz
Құмарық ауылында зейнет жасына жетсе де, қарап отырмай кәсіп ашқан Шәкен Жапаралиев есімді қария тұрады.
Ақсақал қазаққа таңсық кәсіп, қоян өсіруді қолға алған. Қазір қорасында 200-ге жуық ұзынқұлақ бар. Олардың санын қысқа дейін мыңға жеткізбек. Көктем шыға қоянның «фландр», «великан» тұқымдарын сатып алған қарт кәсіпкердің айтуынша, қоян етіне қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Алматы, Астана қалаларындағы бірнеше мейрамхана иелерімен келісімге де келіпті. Ал келешекте ұзынқұлақтың санын 5 мыңға жеткізіп, етін сатып, терісін кәдеге жаратуды көздеп отыр. Ол үшін күзде Қытайға барып, тері өңдеу технологиясымен танысып, керекті заттарды алып қайтпақ.
Шәкен Жапаралиев, зейнеткер:
– Қазан, қараша айларында Қытай жаққа барып, загранпаспорт алып қойдым, сол жаққа барып, жаңағы мына қоянның терісін өңдейтін бояуларын, дәрі-дәрмектерін алып келіп, сол жерден білетіндерден технологиясын үйреніп келейін деп отырмын.