Дереккөз: www.24.kz
Ақмола облысында егін орағы қарқын алып келеді. Бүгінге дейін өңір шаруалары жалпы алқаптың 12%-ын жинап алған.
Астықты қамбаға құюдан Есіл, Жарқайың және Атбасар сияқты оңтүстік аудандар көш бастап келеді.
Қорғалжын ауданының Кеңбидайық ауылындағы бұл шаруашылық, жыл сайын өнімділігі жоғары бидай тұқымын себеді. Мәселен оларға тиесілі 4400 гектар алқаптың барлығына дерлік сондай элиталық сұрыптардың дәні сіңірілген. Сондықтан дамаңайдағы қожалықтар бұл серіктестіктен тәжірибе жинақтауға келіп тұрады.
Атымтай Темірбаев, шаруашылық агрономы:
– Норма бойынша осы жақта 120-130 келі себеді. Біз 70-80 келі септік. Оған қарамастан, міне, соның құнарлығы арқасында егініміз көп сепкендерден артық боп тұр. Былтыр +7-8 тонна алыпты. Соның шамасында. Енді біз биыл екі есе алайын деп отырмыз ғой, Алла қаласа.
Соңғы жылдары өңірде жоғары сұрыпты тұқымдарды себу көрсеткіші көбейген. Айталық, биыл егістік алқаптарының 6%-дан астамына элиталы тұқымдар себілген. Жалпы аймақта қазір егін орағы қарқын алып келеді. Ал астық жинауға 8 жарым мыңнан астам комбайн жұмылдырылған.
Ержан Бектұров, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі
– Аймақтағы Жақсы, Жарқайың, Есіл және Атбасар секілді оңтүстік далалы аудандарда қазір егін орағы қызу жүріп жатыр. Астық құятын қоймалар дайын. Облыс бойынша бүгінде жалпы сыйымдылығы 4 млн 400 мың тонна болатын 67 астық сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, жеке шаруа қожалықтарында да астық жинайтын орындар бар.
Ақмола облысында егін себумен айналысатын 4 мыңға жуық шаруашылық бар. Олардың барлығы қазір егін орағының қамында.
Дамир Берікұлы, damir130788@twitter.com:
– Жалпы, Ақмола облысының шаруалары биыл 4 жарым млн гектар жерге дән сіңірді. Енді одан бұйыртса, 5 млн тоннадан астам астық жинаудан үмітті. Егіннің шығымы да жаман емес. Ендігі мақсат-міндет күн райының қолайлы сәтін пайдаланып, егінді уақытында ысырапсыз жинап алу. Сондықтан шаруалар қазір күн ашық болса екен деп тілеп отыр.
Авторлары: Д.Берікұлы, Е.Шинкаренко