Дереккөз: www.energo.gov.kz
Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 5-6 қыркүйегінде Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту және халықты жылумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.
Елбасының тапсырмаларын орындау үшін ҚР Энергетика министрлігінің вице-министрі С.Н.Нұрлыбайдың төрағалық етуімен Қарағанды қаласында кеңес ұйымдастырылды. Кеңес отырысына Қарағанды облысы әкімінің орынбасарлары С.Ж.Шайдаров, А.В.Шкарупа, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы С.Қ.Есімханов, Қарағанды облысының бірқатар мүдделі мемлекеттік органдарының, ірі тау-кен, металлургиялық және энергетикалық кәсіпорындарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесуде Қарағанды облысындағы қоршаған ортаның жағдайы, оны сауықтыру, сонымен қатар өңірдің, оның ішінде Теміртау қаласындағы ЖЭО-2 жылыту маусымына дайындығы туралы мәселелер қарастырылды.
Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС және т.б. басшылардың баяндамалары тыңдалды. Өңірдің күрделі проблемалық мәселелері:өнеркәсіптік кәсіпорындардың атмосфералық ауаға және су объектілеріне тигізетін әсері, қалдықтардың түзілуін азайту және оларды өңдеу, Теміртау қаласы мен басқа да өнеркәсіптік қалалардың айналасында жасыл белдеу жасау сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Табиғатты қорғау іс-шараларының толық көлемде және экологиялық нәтижелілікпен орындалуы қажеттілігіне баса назар аударылды.
ҚР энергетика вице-министрі С.Н.Нұрлыбай атап өткендей, «шығарындылар мен төгінділерді азайтуға бағытталған бұл іс-шараларды іске асыру нәтижелерін тұрғындар шынайы әрі нақты сезінуі тиіс».
Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы С.Қ.Есімханов өз баяндамасында облыстың жылыту маусымына дайындығына, сондай-ақ ЖЭО-2 қуатын кеңейту қажеттілігіне тоқталып өтті.
Жиналыс барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарына Балқаш көлін, Қара Кеңгір, Соқыр өзендерін және облыстың басқа су айдындарын ластауды болдырмау бойынша жан-жақты шаралар қабылдау, шығарындыларды азайту, қалдықтарды өңдеу көлемін арттыру, эмиссияларды автоматты мониторингтеуге көшу және басқа табиғатты қорғау іс-шараларын орындау туралы тапсырмалар беріліп, ұсыныстар жасалды.
Кеңес қорытындысы бойынша Қарағанды облысының әкімдігіне ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін облыстың экологиялық жағдайын сауықтыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Сапар барысында Энергетика вице-министрі С.Н.Нұрлыбай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорнына барып, технологиялық процеспен, газ тазалау құрылғыларының жұмысымен, табиғатты қорғау іс-шараларының орындалуымен танысып шықты.