Дереккөз: www.24.kz
Батысқазақстандық бағбан Қайрат Кәрімов Ақжайықтың аптап ыстығы мен аязына бейімделген, жергілікті ауа райында жоғары өнім беретін жеміс түрлерін анықтап, будандастырмақ.
Осы мақсатта ол алманың 150, жүзімнің 120 түрін сынақтан өткізуде. Жалпы аумағы 5 гектар алқапты алып жатқан эксперименталды бақ биыл алғаш рет өнім берді.
1900 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеде Оралдың алмасы бірінші орынды иеленіп, алтын медаль алған. Бұл әйгілі Алматы апортының атағы шықпастан 13 жыл бұрын болған. Күрт континентальды ауа райында өскен оралдық өнім биохимиялық құрамы мен антиоксиданттар деңгейімен ерекшеленеді екен. Бағбан Қайрат Кәрімов жергілікті жемістің осы бұрынғы даңқын қалпына келтіруді көздейді.
Қайрат Кәрімов, бағбан:
– Селекционерлерде мынадай түсінік бар. «Алма екінші отанын тапты» деген. Мәскеуде бір селекционер шығарса, Екатеринбургте ана жақта өзін басқаша көрсетуі, бізге келгенде өзін басқаша көрсетуі, жақсы сорт болып кетуі мүмкін. Сондықтан міндетті түрде басқа сортты бізде де зерттеген дұрыс.
Эксперименталды бақ Мичуриннің ізбасары Сергей Исаевтың есімімен аталады. Себебі мұнда селекционердің шығарған барлық алма түрі егілген. Америка мен Еуропалық жеміс сорттары да бар. Мақсат – алманың мол өнім беретін жаңа түрін анықтап, халыққа ұсыну. Себебі бұрыннан келе жатқан жемістердің өнімділігі қазіргі талапқа сай емес, – дейді бағбан.
Қайрат Кәрімов, бағбан:
– 7 аудандастырылған сорт бар. Олар деген қазір ескірді. Моральді ескірді. «Грушевка» болса «парша» деген аурумен ауырады. «Беркутовка» 34-тен түссе, үсіп кетеді. Оларды қазір жаңарту керек. Сол мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. 150 сорт алма, 120 сорт виноград өсіп жатыр.
Өткен ғасырда Орал өңірінде 700-дей алма бағы болыпты. Алайда бүгінде аталған жемістің жалпы аумағы 706 гектарды ғана құрайды. Оның 508 гектары жеке тұрғындардың ауласында. Соңғы 6 жылда жаңадан бірде-бір алма бағы егілмеген. Алайда мамандар алма шаруашылығы алдағы уақытта дамитынына сенімді. Себебі биылдан бастап әр гектарға төленер демеуқаржы 10 еседен артыққа өскен.
Қуанышқали Есімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Жылдың қорытындысы бойынша 2660 тонна өнім алынған. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан алма бақ салған инвесторларға 4 млн 407 мың теңге бір гектарға сусбидия төленеді. Сонымен қатар әрбір салынған көшет бойынша егер ол мемлекеттік реестрге енген болса, 315 төленеді, егер реестрге енбеген болса, 135 теңге төленеді.
Алма бағының салынғанына биыл тек 4 жыл болса, оралдық бағбанның жүзім еккеніне 10 жылдан асыпты. Осы жылдар ішінде Орал өңірінде жақсы жеміс берер жүзім түрлері де анықталыпты.
Қайрат Кәрімов, бағбан:
– Бұрында бізде негізінен изабельный сорттар болды кішкентай. Жаңа өзіңіз көрдіңіз, «Преображение» деген, «Ливия», «Байконур» деген сорттар өте жақсы көрсетіп тұр. Мына «Граф Монте Кристо» деген сорт бар, өте жақсы көрсетіп жатыр.
Бүгінде Оралдық бағбан Ресей, Тәжікстан, Татарстандағы ғылыми-зерттеу инстиуттарымен, ботаникалық бақтармен тығыз байланыс орнатқан. Осы ғылыми жұмыстардың бәрін ол өз қаржысына жүзеге асыруда.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов