Дереккөз: www.24.kz
Ақтөбе қаласында инновациялық қоқыс контейнерлері орнатылмақ.
Пилоттық жоба бұған дейін Астана мен Алматыда іске асырылған еді. Сыйымдылығы 5 текше метр болатын 1 жаңа контейнер ескі 6 контейнерді алмастырады. Биіктігі 3 метрлік қондырғының үштен екі бөлігі жер астында орналасады. Контейнердің ішінде жанбайтын, жыртылмайтын материалдан тігілген қап бар. Мұндағы қоқыс қыста қатпайды, ал жазда жағымсыз иіс жайламайды. Беті жабық болғандықтан, қоқыс желге ұшып, жан-жаққа шашылмайды. Арнайы қапты 3 жылда бір ауыстыруға болады. Ал контейнердің өзі 15 жылға дейін сыр бермейді. Ресейден әкелінген экологиялық таза қондырғының бағасы 700 мың теңгеден басталады. Әзірге қала бойынша осындай 3 контейнер орнатылды.
Жанат Қуанышева, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
– Қалаға барлығы 60 контейнер сатып алу жоспарланып отыр. «Батыс-2» ауданында 40, «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында 20 қондырғы орнатылады. Ескі контейнерлермен салыстырғанда, тиімділігі жоғары. Экологиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді. Және үй аулалары таза болады.