Дереккөз: www.24.kz
Алатаудың баурайы алма бағын салып, жеміс-жидектер егуге өте қолайлы жер.
Президент өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы Сиверс алмасының отаны саналады» деген болатын. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қаланың бірі Алматы деп аталғанын айтты. Бүгінде Іле Алатауын жағалай бақ салып нәсібін тауып отырған шаруашылықтардың саны күн санап артып келеді.
Бұл – Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылының тұрғыны Ринат Әшімовтың алма бағы. Аталған кәсіппен 2000 жылдан бері айналысып келеді. Күзгі-жиын терімді ойдағыдай аяқтаған бағбан аздап тыныққан соң келесі маусымға дайындықты бастайтынын айтады. Алма ағаштарын бұтап, техника ағымдағы жөндеуден өтеді.
Ринат Әшімов, шаруа қожалығының өкілі:
– Алғашында жоңышқа егетінбіз. Кейін отбасымызбен ақылдаса келе алма өсіруге көштік. Қазір 28 гектар бағымыз бар. Ерінбеген адамға Жер-Ана жақсы жемісін береді. Біздің шаруашылықта тұрақты түрде 8 адам жұмыс істейді. Ал маусым кезінде 35 адамға дейін жұмысқа аламыз.
Кәсіптің қыр-сырына қаныққан Ринат Әшімов тоңазытқыш қойма салады. Онсыз еңбегіміз еш кетеді дейді. Күзгі науқан кезінде баға арзан болады. Сондықтан тоңазытқышта сақтап, кейінірек сатқан анағұрлым тиімді. Бұған қоса қазақстандықтар да көктемге дейін отандық экологиялық таза өнімді пайдаланатын болады.
Ринат Әшімов, шаруа қожалығының өкілі:
– Біздің алмаларға ешқандай биологиялық қоспалар қосылмайды. Шетелден келетін өніммен салыстырғанда сапасы жақсы, ал дәмі тіл үйіреді. Жалпы Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының тауға жақын жерлері алмаға өте қолайлы. Іле Алатауының баурайында өскен алманы ұлттық брендке айналдыруға болады.
Бәйдібек би ауылымен көршілес Қазақстан ауылдық округінің де негізгі кәсібі – алма өсіру. Қазір мұнда 1500 тонналық алма сақтайтын қойма бар. Жергілікті фермерлердің айтуынша, мемлекет тарапынан алма көшеттеріне, тыңайтқыштар мен суға субсидия беріледі. Ал кәсібін жолға қойған шаруашылықтар болса ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға атсалысып отыр.
Медет Жанәбіл, Қазақстан ауылдық округі әкімінің орынбасары:
– Бізде қазіргі таңда алманың көп сұрыптары отырғызылған. 600-ге жуық гектар алма бар. 800-ге жуық гектар жүзімдік бар. Соның ішінде қазіргі таңда мемлекеттің қолдауымен көптеген жаңа технологиялар бойынша алмалар отырғызылды. Мысалға, биыл Қазақстанға 94 гектарға жаңа технология бойынша алма отырғызылған.
2027 жылға дейін Еңбекшіқазақ ауданындағы интенсивті алма бақтарының көлемін 2500 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Тек келесі жылдың өзінде ауданда инвестициялық құны 3,5 миллиард теңге болатын 400 гектар интенсивті бақ отырғызылады. «Осындай қарқынмен жүре берсек, болашақта жыл он екі ай отандық алма қазақстандықтардың дастарханынан үзілмейтін болады», – дейді бағбандар.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон