Дереккөз: www.24.kz
Түркістан шаһары гүлденіп келеді. Қала аумағына 300 мың голландиялық қызғалдақ көшеттері егілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның 200 мыңы Әзірет Сұлтан кесенесі маңында жайқалып тұр. Шаһарды көгалдандыру үшін биыл тағы 100 мың түп ағаш егілмек.
Биылғы көктем түркістандықтар үшін қарбаласпен басталды. Қаланы көгалдандыру, көшелерді таза ұстау жұмыстары қыза түсті. Қазір рухани шаһардың қай көшесіне барсаңыз да мынадай алуан түсті қызғалдақтарды көресіз. Көресіз де көңіліңіз өсіп, бір марқаясыз. Себебі, қыз жүрегін жаулаған нәзік қызғалдақтар сіздің де бойыңызды баурап, жүрегіңізді жаулап алары сөзсіз.
Түркістанның тағы бір жаңа қыры ашылып келеді. «Бұрын туристер мұнда киелі жерлерді аралап, тәу ету үшін келсе, енді көздің жауын алатын қызғалдақтарды тамашалау үшін келетін болады», – дейді мамандар. Биыл қаланы көріктендіру үшін көшелер мен алаңдарға 300 мың түп голландиялық қызғалдақ көшеті отырғызылған. Бұл қала халқының да көңілін көтеріп, мерейін өсіруде.
Гүлжанат Дүйсенбаева, Түркістан қаласының тұрғыны:
– Жан-жағымыздың бәрі қызыл қызғалдаққа оранып, Түркістанымыздың гүлдер шырайын ашып тұр. Менің қала мен облыс әкімдігіне алғысым шексіз. Шымкенттен Түркістанға кіреберістегі жолдың бойы жайнап тұр. Бұның бәрі Түркістан қаласының тұрғындары үшін жасалып жатыр. Біз осы тірлікке оң көзбен қарауымыз керек. Қаланың тазалығы тек әкімдіктің мойында емес, ол әр тұрғынның міндеті деп білемін.
Биыл рухани шаһарды таза әрі жасыл қалаға айналдыру жұмыстарына 320 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Оған қызғалдақтан бөлек, 100 мың түп ағаш көшеттері сатып алынған. Қазір көшеттер егіліп жатыр. Бұдан бөлек, облыстық ақсақалдар мен қалалық қоғамдық келісім кеңесінің ұйытқы болуымен шаһардағы халық көп баратын орындарға 32 мыңдай түрлі ағаш көшеттері отырғызылған.
Ерсұлтан Ахметов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:
– Қазіргі таңға тал көшеттерін егу наурыз айынан басталды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәуірдің соңына дейін жалғасатын болады. Облыс әкімінің тапсырмасымен Сарыағаштан половия деген талдың көшеттерін егіп жатырмыз. Одан бөлек, қара ағаш, терек, әртүрлі ағаштар егілуде. Қазір шамамен 60 мыңыдай түп көшет егілді. 100 мыңдай түп ағаш көшеттері егілетін болады.
Түркістанды гүлдендіру үшін қала әкімдігі мен ақсақалдар алқасы бірігіп арнайы байқау жариялапты. «Ағаштар мен гүлдердің көптеп егілуіне сол байқаудың да әсері тиіп жатыр», – дейді қала тұрғындары. Өйткені соңғы уақытта өз ауласы мен көшесін көгалдандырып, байқауға қатысқысы келетіндердің қатары көбейген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш