Дереккөз: www.24.kz
Атырау облысы Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуына себеп болған кәсіпорын анықталды.
Бұл жөнінде «Бекіре-2019» балық қорғау операциясын қорытындылаған құқық қорғаушылар мәлімдеді. Естеріңізде болса, Атырауға жасаған іссапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балықтың жаппай қырылуына себеп болған мекеме қатаң жазаланады деген болатын. Жалпы балықтардың уылдырық шашу маусымында Жайық өзені мен Каспий теңізіне еншілес Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы су айдындары да қатаң бақылауға алынады. Биыл осы үш облыс бойынша заңсыз балық аулаған және балық өнімдерін тасымалдаған азаматтарға қатысты 64 қылмыстық іс тіркелген. Ал Жайық өзеніндегі балықтың қырылуына себеп болған «Атырау су арнасы» мекемесіне жасалған сараптамалар аяқталып, іс сотқа жіберілді. Енді соңғы үкімді сот мүшелері шығаратын болады.
Серік Жанұзақов, ОПД, Су полициясының басшысы:
– Қазір экспертизаның барлығы аяқталды. Қазір айып тағып, істі сотқа жолдау үстіндеміз. Қазір тергеушілер техникалық жұмыстарды аяқтап жатыр. «Атырау су арнасы» мекемесіне келіп тоқталды, оларда хлордың мөлшерінің көптігіне байланысты, бұл енді түпкілікті ақпаратты біздің баспасөзбен байланыс қызметінен түпкілікті алуға болады.