Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Панфилов көшесінде жайқалып тамыр жая алмай қалған ағаштардың орнына күзде басқа ағаштар отырғызылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Панфилов көшесі былтыр қайта жаңғыртылған болатын. Құрылыс жұмыстарынан соң мердігер ұйым мұнда 380 ағаш отырғызған еді. Ағаш көшеттерін тасымалдау және отырғызу кезінде біраз күш түскен. Олар жаңа орынды жерсінбей әрі аязға шыдамай, салдарынан катальпа көшеті жарамсыз болып қалды.
Осыған орай,«Компания АИС Астана» мердігерлік ұйымы кепілдемелік міндеттеме бойынша биылғы жылдың вегетация маусымында жаңа ағаштар отырғызады.
Айта кетерлігі, 2015 жылы қалалықтардың талқылауынан соң қабылданған «Алматы-2020» Бағдарламасы аясында қаланың тарихи орталығының 60% жөнделді. Жайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында энергия жинақтаушы тротуар шамдары, көше жиһаздары, спорт және балалар алаңдары, фонтан кешендері пайда болады. Жасылдандыру жүргізілді және жаңа ағаштар отырғызылды, суарудың автоматты жүйесі тартылды.
«Қала адамдар үшін» концепциясы аясында Алматыда биылғы жазда жаяу жүргіншіге басымдық беру үшін Достық даңғылының, Жібек жолы мен Байсейітова көшелерінің бөліктеріне реконструкция жүргізілуде.