Дереккөз: inform.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы мен «Атырау-Ақпарат» медиа-холдингінің ұжымы бірлесіп, республикалық #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Жайық өзені жағасын қоқыстан тазартуға атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бастаған журналист қауымы мен «Алаш мәдениеті» қоғамдық қорының еріктілері Жайық өзенінің бойында тұрмыстық қалдықтан тазалап, соңын флешмобпен аяқтады.
«Балаларымыздың болашағы, олардың денінің саулығы қоршаған ортамызға, экологиямызға тікелей байланысты. Таза жерде тұрып, таза ауа жұтсақ, денсаулығымыз да жақсы болары сөзсіз. Жайық өзені жағасынан тұрмыстық қалдықты көп көрдік. Әсіресе, су, шырыннан босаған пластикалық құтылар, шыны ыдыстар бей-берекет шашылып жатыр. Бұл пластик құтылар жер бетінде бірнеше он жылдап жата береді. Өздігінен жойылмайды. Керісінше ауа-райының әсерінен түрлі зияды зат бөледі. Ендеше табиғатты таза ұстайық дегім келеді», – дейді «Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бұл акция бір тараптан журналистердің ауызбірлігін нығайтса, екінші жағынан өскелең ұрпақтың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудағы қосар үлесін айтты.
Журналистер көбіне мұндай экологиялық акцияларды БАҚ бетінде насихаттаушы ғана. Ал, бұл жолы облыстағы екі бірдей ірі медиа ұжымы кіл жастардан құралған еріктілермен бірлесіп, өзен бойын қоқыстан тазартты. 2 сағаттың ішінде шамамен 200 келідей қалдық жиналды.
Облыстың БАҚ өкілдері қолдаған экологиялық іс-шара 27 шілдеде Атырауда жалғасатын болады. #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Атыраудағы Жайық өзені және қала аумағындағы барлық су тоғанының жағалауы қоқыс қалдығынан тазартуға барлық мекеме, кәсіпорын, өнеркәсіп ұжымдары шақырылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген еді.
Артынша министрліктің бастамасымен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жарияланып, аталмыш акция аясындағы шараларға Үкімет басшысы Асқар Мамин де қатысқан болатын.