Дереккөз – inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- #Birge #TazaQazagstan республикалық экологиялық акциясы аясында елордалықтар Майбалық көлінің жағалауын тазартуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін міне осымен үшінші апта таза Қазақстан экологиялық акциясын жалғастырып жатырмыз. Майбалық көлі қала маңында орналасқандықтан адамдар мұнда демалуға жиі келеді. Тиісінше қалдықта көп. Олай болса бәріміз бірігіп, тазалық жұмысына кірісейік», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Тазалық шарасына 1 мыңнан астам елордалық қатысуда. Оның ішінде бірқатар мемлекеттік ведомство басшылары мен қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары мен еріктілер бар.
Еске сала кетсек, өткен аптада аталған акция аясында астаналықтар Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауын тазалап, 16 тонна қалдық жиналған болатын.