Дереккөз; www.inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ауаның ластану деңгейін бақылауға арналған 350 датчик орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл құрылғылар ДСҰ классификациясына сай ауадағы күкірт диоксиді (SO₂), азот диоксиді (NO₂), көміртегі оксиді (CO), озон (O₃), PM₂ˌ₅ және PM₁₀ бөлшектерін анықтайды. Бұл құрылғыларды орнату арқылы қаладағы ауа сапасының өзгеруін кұн сайын бақылап отыруға болады. Осылайша қала билігі ауаның ластану себебін анықтамақ. Сондай-ақ, жылына атмосфераға тасталатын зиянды заттарды 5%-ға азайту көзделген. Жасыл экономика басқармасының бастамасымен қаланың экологиялық аухалын жақсартуға кешенді шаралар қабылданған. Қалада газбен жүретін автобустардың қатарын көбейткелі бері ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін жылына 2,33 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, Жылу электр стансалары да көгілдір отынға көшіріліп жатыр. Тұрмыстық қалдықтардың 44 пайызын өңдеп, полимер материалдарын шығаруға бағытталған зауыт салу көзделіп отыр. Биыл 14 мың жасыл желек отырғызылды. Жыл соңына дейін олардың санын 40 мыңға жеткізу көзделген.