Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен Қазақстанда кең ауқымды «Аулардан таза – су айдындары» атты экологиялық акция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Акцияға еліміздің әр өңірінен 5 100-ден аса мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, табиғат қолданушылардың, экологиялық ұйымдардың өкілдері мен еріктілер қатысты. Қатысушылар 79 су айдыны мен учаскелерден 95,3 шақырым синтетикалық тор мен жағалаулардан 121 тонна қоқыс жинады», – делінген аталған министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратта.
Комитет мәліметінше, 431 суда жүзгіш құралының көмегімен өзен мен көлдердің 61 685 гектар ауданы тазаланып, су түбіндегі ауларды жинау үшін сүңгуірлер жұмылдырылған.
Акцияның басты мақсаты – су айдындарын тасталған және заңсыз қойылған аулардан тазалап, қоғамның назарын өзен мен көлдердің ластану мәселесіне көңіл аударту, балық ресурстарын сақтау.
Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтауға арналған мұндай экологиялық шара әлі өз жалғасын табады.