Дереккөз: inform.kz
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері елде жарияланған «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшысы майор Дина Мухаринованың айтуынша, командирлер басқарған әскери қызметкерлер гарнизондарының жанынан ағып өтетін арықтар мен өзендерді тазалауға кірісті. Ең алғашқылардың бірі болып тазалауға 5-ші механикаландырылған бригаданың әскери қызметкерлері шықты. Сондай-ақ акцияға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Шымкент, Гвардей, Қызылорда, Луговский және басқа да гарнизондарының әскери қызметкерлері қосылды.
«Еліміздің премьер-министрі акция кеңінен таралатынына, жалпы республика деңгейіне тарап, азаматтардың тарапынан қолдауға ие болатынына сенім білдірді. Шынымен де, арналар мен арықтарды тазалауға әскери қызметкерлер ғана емес, сондай-ақ, олардың отбасыларының мүшелері де шықты. Тіпті өздері ниет білдірген. Бұл әскери қызметкерлер мен олардың отбасылары елінің тағдыры мен жағдайына бейжай қарамайтынын білдіреді. Біз барлығымыз үлкен бір елдің – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Біздің әскери қызметкерлеріміз туған қалалары мен ауылдарының көшелерінде қоқыс жатпағанын, өзендердің таза болғанын, экологияның нашарламағанын қалайды», – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ораза Күшіков.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінде атап өткендей, әскери қызметкерлер арналарды, арықтарды, су қоймаларын, өзендерді тұрақты түрде тазалап отыруға ниетті. Бұл басқалар үшін жақсы үлгі болмақ.