«Жасыл» экономика ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналуы тиіс – Әсет Исекешев

Дереккөз:www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жасыл» экономика ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналуы тиіс. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі ІІІ саммитте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамдардың көпшілігінде жасыл экономика түсінігі – бұл күн және жел электр стансасы. Дегенмен, бұл олай емес. Жасыл экономика – бұл дамудың басқа сатысы, басқа өмір салты. Бұл – жасыл экологиялық көлік, су, жылу, электр энергиясын пайдалауды дұрыстап үнемдеу, құрылыста жаңа әдістер енгізу, қоқысты кәдеге жарату үшін жинауға дұрыс қарау, қалаларда, саябақтар мен гүлзарларда жасыл атмосфере қалыптастырудың жаңа әдістері, жасыл ауыл шаруашылығы. Мұның барлығы да ең алдымен біздің табиғатымыз бен экологиямызға зор әсерін тигізеді, одан кейін нақты ресрустармен қатар қаржылық ресрустарды да барынша үнемдейді», – деді Әсет Исекешев. Оның атап өтуінше, еліміздің бірқатар өңірлерінде мұндай жүйелі жобалар жүзеге асырыла бастаған. Қазірдің өзінде олар қаржы үнемдеуге септігін тигізіп отыр. Мәселен, елордада жаңа энергия үнемді материалдарды, құрылысты жобалау барысында модельдеудің ақпараттық жүйесін қолдану арқылы тұрғын үй салудың жаңа әдістері құрылыс саласына енгізу бойынша жоба қолға алынған. «Климаты суық өңірлеріміз үшін бұл өте маңызды. Себебі күрделі нысандарды бір құрылыс маусымында салып шығуға мүміндік береді. Бұл қомақты қаражат. Сонымен қатар құрылыс барысында ғана емес ғимаратты басқару да мұның маңызы жоғары. Мәселен, Ұлыбританияда енгізілген бұл принцип энергия тұтынуды 25 пайызға, суды 30 пайызға, мұндай ғимаратты күтіп ұстау шығындарын 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік берген. Осыдан-ақ қанша қаражат үнемдеуге болатындығын ойлаңыздар», – деді қор басшысы. Сонымен қатар ол елордада 2018 жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау бойынша жоба қолға алынғанын, жиналған қоқысты кәдеге жарататын кәсіпорынның іске қосылғанын айтты. «Ең алдымен балалар мен жастарда «жасыл» менталитет, ойлау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Мұнымен мақсатты түрде айналысу қажет және бұл ұлттық мәдениеттің бөлігіне айналуы тиіс», – деді Әсет Исекешев.