Дереккөз: inform.kz
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында бір күнде 6 500 жасыл желек пайда болды. Қала мен аудандардың мыңдаған тұрғыны ағаш отырғызу бойынша республикалық акцияға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағандыда салынып жатқан триатлон-парк аумағын көгалдандыру туралы шешім қабылданған болатын. Бүгін мұнда 1500 қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар отырғызылды. Оларды егуге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, оның орынбасарлары, өңірлік басқармалар басшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындардың өкілдері, депутаттар қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, триатлон-парк «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Көгілдір тоғандар» мен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарының аралығында салынуда. Бұл нысан жеке құрылыс компаниясының қалаға жасап отырған сыйлығы. Жоба бастамашылары «Триатлон паркін бірге құрамыз» акциясын жариялады. Мұнда кез келген адам өз ағашын отырғыза алады. Аумақты көгалдандыру үшін қарағай, қайың, жөке, шаған ағаштары таңдалды.
«Акцияның мақсаты – өңірді көгалдандыру ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың табиғатқа деген қамқорлығын арттыру. Біз әрбір ағашты, әрбір бұтаны бағалауымыз керек. Экологиялық сенбілікке үш мыңға жуық адам қатысты. Осындай акциялар Қарағанды саябақтары мен гүлзарларында, облыстың басқа қалалары мен аудандарында өтеді», – деді Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев.
Мұнда футбол, тренажер және street workout алаңдары жабдықталған. Көлдің айналасында жүгіруге және велосипед тебуге арналған жолақтар жасалды.
Ал Олимпиадалық Даңқ аллеясында алғашқы төрт жұлдыз пайда болды. Олар атақты спортшылар – Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Дмитрий Карпов және Эльмира Сыздықованың құрметіне орнатылды.
Триатлон паркінің құрылысы жалғасуда. Алдағы уақытта баскетбол, теннис, шахмат және басқа да спорт түрлері бойынша жаңа спорт алаңдарын жабдықтау жоспарлануда.
Болашақта мұнда триатлоннан әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.
Нысан тапсырылғаннан кейін Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасының балансына беріледі.