Қазақстанда браконьерлер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев браконьерлерге жазаның қаншалықты күшейгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңында көрсетілген.

«Бұған дейін Қылмыстық Кодексте жалпы норма болса, енді нақтыланған нормалар пайда болды. Мұнда мүлікті тәркілеу мүмкіндігі болады. Жазаны күшейту бойынша шаралар кешені өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Аңшылық құралы, қару-жарақ, көлік, балта, рюкзак және өзге де заттар тәркіленеді», – деді Е. Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, орман, балық және жануарлар әлеміндегі заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту бойынша ҚР Қылмыстық Кодесіне түзетулер енгізіледі. Одан бөлек, шетелдіктерді жасаған қылмысы үшін 5 жылға ел аумағынан шығару қарастырылған.

«Заңсыз аңшылық үшін қылмыстық шешім белгілері кеңейтілді және санкциялар ұлғайды. Мәселен, бұрын осы бап бойынша браконьерлер аңшылықта жануарға зардап келтіретін жарылғыш құралдар, кеме мен қарда жүретін машина қолданғанда ғана жазаланатын еді. Енді онда ату құралы, пневматикалық және суық қару, иттер мен аңшылық құстары енгізілді. Браконьерлер жазаға тартылатын ҚР ҚК 339-бабы жетілдірілді. Бұрын 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, енді бұл жаза 12 жылға созылады. Заңнаманы жетілдіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр», – деді Е. Нысанбаев.