Дереккөз: 24.kz
Атырауда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен өзен суын кешенді тексеру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Эко-акция» шарасына басты мақсаты былтырғыдай балық қырғынына жол бермеу және облыстағы су қоймаларының тазалығына талдау жасау», – дейді мамандар.
Алдымен ат басын тірегеніміз – Атырау су арнасы мекемесінің су алу және пайдаланған суды өзенге ағызу бекеті. Облыс тұрғындары мен өндіріс орындары аталған мекеме арқылы тәулігіне 90 мың текше метр су пайдаланады.Тіршілік нәрі осы арада тазартылып құбырлар арқылы тұтынушыға жетеді. Былтыр Жайық өзенінде орын алған балықтардың жаппай қырылуына себеп болған да осы мекеме еді. Салдарынан 123 тоннадан астам су маржаны текке рәсуа болды. Осы оқыс оқиғадан кейін барлық құзырлы мекемелер су сапасын үнемі бақылауда ұстап келеді.
Темірлан Темірбеков; «Қазгидромет» Р МКинженері:
– Бұл іс-шара апта сайын жоспардан тыс бақыланады. Және де мониторинг жүргізіледі. Су құрамында аса ірі мөлшерде өзгерістер жоқ. Қыс мезгілінде судың салқындауына байланысты болмаса, қатты өзгешелік байқалған жоқ.
Рейд барысында өзен суынан микробиологиялық, химиялық сынамалар алынды. Сынама арнайы зертханада тексеріліп, табиғат пайдаланушыларға тиісті нұсқау беріледі. Негізгі жұмыс орман шаруашылығы жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының үйлестіруімен жүзеге асуда.
Мәншүк Темешова, ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің басшысы:
– Мақсат – былтырғыдай балық апатының алдын алу. Ол үшін рейдтік іс-шаралар жиі өтуі тиіс. Сондай-ақ, алда барлық қадағалаушы органдар бірлесіп, өзен суына гидрохимиялық мониторинг жасаймыз.
Жайық суын пайдаланушылардың бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Кәсіпорын тәулігіне 18 мың текше метрге жуық су алады. Рейдтік іс-шара барысында зауыттың су алу бекетінен де сынамалар алынды. Оның қортындысы бір аптадан соң жарияланады. Осылайша өзен суын бақылау жыл бойы жалғасатын болады.