Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) мен ҚР БҒМ «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты» (БҚМ ҒЗИ) РМК бірлескен экспедициясы Батыс Қазақстан облысында 10 киікке GPS сенсоры бар мойынбау тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қауымдастық сайтына сілтеме жасап.
15 қарашада басталған экспедиция барысында зерттеушілер барлығы 12 бөкенді ұстады. Олардың ішінде 3 жастан аспаған 10 ұрғашы киікке GPS треккерін тақты, екі сайғақтан (текесі) биоматериал сынамалары алынды.
Жүйрік дала киіктерін ұстап алу оңай емес, оларды қолға түсіру ҚБСҚ-ның 2009 жылғы тәсілімен жүргізілді.
Бұл жұмыстар ҚБСҚ мен БҚМ ҒЗИ арасындағы ғылыми серіктестік туралы келісім аясында іске асырылды. Таңбаланған киіктерді екі ұйым да бақылап отырады. ҚБСҚ – миграция мен күзет жолдарын қадағаласа, институт – киіктердің ауруын зерттеумен айналыспақ.
Жануарларды аулауға ҚБСҚ, БҚМ ҒЗИ, «Охотзоопром» ӨБ және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері қатысты.