Қазақстандықтар LED-экран арқылы ауа сапасы туралы біліп отыратын болды

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдан бастап Қазақстан қалаларының әкімдіктері LED-экрандарға ауаның сапасы туралы ақпараттарды жариялап отырады.

Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстарды пайдалану, ластаушылардың шығарындылары мен тасымалының мемлекеттік тіркелімін құру туралы ұлттық баяндама жариялау қарастырылған. Қоғамдық тыңдауға шығарылуға жататын жобалардың шаруашылық қызмет түрлерінің тізімі анықталған», – деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ірі табиғат пайдаланушылардың есеп беруі бар. Бірақ олар қағаз түрінде ғана ұсынылады.

«Біз мәліметтерді ұсыну процесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге ауаны ластаушы заттардың концентрациясының негізгі көрсеткіштерін экранға орналастыру, телеарналарды жүгіртпе жолдар мен әкімдіктердің сайттарында ақпараттар орналастыру арқылы халықты құлақтандыру жолымен ауа атмосферасының сапасы туралы ақпараттарды жұртшылыққа онлайн-жеткізуді кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. 2018 жылы »Қазгидромет« РМК Қазақстанның 46 елді мекенінде 8 ластаушы зат бойынша ауа атмосферасының сапасын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны іске қосты. Қазіргі уақытта Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Орал және Ақтау қалаларының әкімдігі мобильді қосымша арқылы LED-экрандарда ауа атмосферасындағы ластаушы заттардың концентрациясы туралы мәліметтерді көрсетіп тұрады. Қалған әкімдіктер келесі жылдан бастап ауаның жай-күйі туралы ақпараттарды LED-экрандарда орналастыруды жоспарлап отыр», – деді Мағзұм Мырзағалиев.