Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2025 жылдан бастап пластик пакеттерге тыйым салады. Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізінде пластикті де екіге бөліп қарастыру керек. Біріншісі пластикалық пакеттер. Бұл бүгінгі күнгі ең үлкен проблемалардың біріне айналып отыр. Оны көптен бері айтып та келеміз. Елімізде күніне 15 миллион пакет дүкендерде тегін таратылады. Ал олар небәрі 20 минут қана қолданыста болып, кейін полигондарда көміледі. Мұны тоқтату үшін сарапшылармен бірге зерттеу жүргіздік. Егер дүкендерде мұндай пакеттерді тегін емес 5 теңге, 10 теңгеге болсын ақшаға сатсақ, онда оның көлемі кемінде 50-70 пайызға азаяды. Бұл цифр ойдан шығарылған жоқ. Көршілес елдерде осындай. Біз барлық тәжірибені зерттедік. 2025 жылдан кейін пластик пакеттерге тыйым салуға болады деп ойлаймыз», – деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Себебі, оның айтуынша, сол уақытқа дейін қоғам дайын болуы қажет.
«Ал пластикалық ыдысқа қатысты айтар болсақ, қазір бізде оған балама жоқ. Дегенмен, сарапшылармен не істеуге болатындығын, оның санын қалай азайту керектігін зерделеп жатырмыз. Жалпы, мұндай өзгерістер халыққа бірден әсерін тигізеді. Сондықтан бұл мәселені халықпен ақылдаса отырып шешу қажет», – деді ол.
Мағзұм Мырзағалиевтың атап өтуінше, алдағы айда Мәжілістің қарауына енгізілетін жаңа Экологиялық кодексте пластикалық ыдыстарға тыйым салу мәселесі қарастырылмаған. Дегенмен, пластик пакеттерге қатысты нормалар бар.